Құқық қорғау органдары

Жылқылардан көз жазып қалған бақташы айыппұл төлеуі мүмкін

Жылқылардан көз жазып қалып, жазалы болды. Мамлют ауданында бақташы айырылып қалған 46 бас жылқыны учаскелік полиция инспекторы кездейсоқ тауып алған. Жоқ иесін іздестіре келе тақтұяқтылардың 30 шақырымға ұзап кеткені анықталды. Тәртіп сақшылары қожайынын денелеріндегі таңбасы арқылы тапқан. Жануарлар иесінің жоқ іздеп жүргеніне бірнеше күн болыпты.

Жылқылар иесіне қайтарылды. Ал олардан көз жазып қалған бақташыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Еске сала кетейік, қараусыз жүрген мал барымташылардың қолына түсіп қалуы мүмкін немесе жолға шығып кетіп, көлік апатына себепші болуы ықтимал. Жыл басынан бері облыс көлемінде мұндайға жол берген жандарға қатысты 2 мың 300-ден астам хаттама толтырылып, 7 жарым мыңнан астам мал иесі анықталғанша дейін арнайы жерге қамалған екен.

Данаш Хамзина