Денсаулық сақтау

Тәркіленген 46 мың литрға жуық спирт ауруханаға жіберілді

46 мың литр заңсыз өнім бір кәсіпкердің өзінен ғана бір жарым ай бұрын тәркіленіп алыныпты. Қолға түскен тауар бірден сараптамаға жіберіледі. Нәтижесінде өнімнің сапасы жақсы екендігі анықталған. Мамандар тәркіленіп алынған спирттік өнімді құр жағып жібергенше, белгілі бір кәсіпорынға техникалық мақсатқа жаратуына өткізуді жөн көріпті. Тиісті комиссия шешім шығарып, таза спирт аукционға қойылады.

Дулат Қожанов, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:

Аукцион gosreestr.kz сайтында жүргізілді. Оған ел бойынша кез келген мемлекеттік мекеме немесе кәсіпорын қатыса алды. Ұсынылған өнім аукционда ұтқанға тегін берілетін болды. Басты талап оны техникалық мақсатта пайдалану қажет. Бірінші болып өтінішті көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы тастады.

Өтініш қаралып, бір-екі күннің ішінде шешім қабылданады. Аталған емдеу мекемесі барлық талаптарға сай келіп, 82 млн теңгеден астам өнімге тегін қол жеткізді. Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы өкілдерінің сөзінше тәркіленген спирттен олар антисептик жасамақ.

Наталья Липперт, көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы жанындағы дәріхана меңгерушісі:

Өткен жылы антисептикке деген сұраныс өте жоғары болды. Тіпті, бағасы да шарықтап кеткен болатын. Емдеу мекемесі болғаннан кейін бұл сұйықтықты жиі қолданамыз. Бір жылдың ішінде бізде 2 мың тонна антисептик жұмсалды. Сол себепті, аталған затты өзіміздің зертханамызда жасайтын болдық. Ол үшін бізге біраз көлемде спирт қажет.

Наталья Липперттің сөзінше, спирт емдеу мекемесіне жеткізілгенен кейін, оның жарамды-жарамсыздығы тағы бір мәрте анықталады. Яғни, мына канистрлердің әрқайсысы спиртометрмен немесе рефрактометрмен тексеріледі екен. Егер өнімнің сапасы жақсы болып жатса, инъекция үшін де қолданылуы мүмкін.

Дана Ешкенова