Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шал ақын ауданында таза ауызсу мәселесі өткір тұр

Облыс бойынша күн тәртібіне шығарылған мәселелердің бірі – ауылдағы ағайынды тіршілік көзімен қамту. Дәлірек айтқанда, таза ауыз суды тұрғындардың үйіне дейін кіргізіп, жасалған жағдайды қаламен теңестіру. Шал ақын ауданы үшін бұл игіліктің ауылы әлі алыста. Мұндағы 43 елді мекеннің бар-жоғы бесеуі ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Яғни, село көшелерінде колонкалар орнатылған. Қалғандары тіршілік көзін не мұнарадан, не өздері қазып алған құдықтан алады.

Рахат Смағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:

– Биыл Сергеевка қаласында су тарату желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған мақсатқа 68 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде аудан орталығы толығымен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Дәл осындай жұмыс Городецкое селосында да қолға алынды. 29 млн теңгеге құбырлар қалыпқа келтірілді.

Городецкое селосында орталықтандырылған су жүйесі мүлдем болмаған. Жоба аясында мұнда сорғы станциясы тұрғызылып, көшелерге колонкалар орнатылыпты. Жүргізілген шаруаның игілігін бүгінде 500-ден аса ауылдағы ағайын көріп отыр. Ендігі кезек – басқа елді мекендерде.

Никита Забавин, “Нұра топтық су құбыры” ШЖҚ РМК “Есіл су” филиалының бас инженері:

– Шал ақын ауданында ұзындығы 67 км болатын су желісін реконструкциялаймыз. Жоба 2019 жылы бекітіліп, сараптамадан өтті. Шаруа құны 1 жарым млрд теңгені құрайды. Ауқымды жұмыс аяқталысымен 12 село таза ауызсумен қамтылады. Яғни тіршілік көзіне 5 мың тұрғын қол жеткізбек.

Жоспар әлеуеті көңіл қуантады. Бірақ, бұл қуанышты тұрғындардың өздері қашан сезер екен? Жоба сонау 2019-да бекітілген, қаражаты да бөлінген. Алайда, алғажылжушылық әлі байқалмайды дейді Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов.

Рахат Смағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:

– 2020 жылы жұмыс жүргізіле ме деп едік, проектіге өзгертулер енгізуге тура келді. Себебі, барлығы қымбаттап кеткен. Жоба құны да екі есеге өсті. Тұрғындар таза ауызсу күтіп жүргенде, сіздер шаруаны созып кеттіңіздер.

Есіл су қолда бар жобаны жүзеге асыра алмай жүргенде, Сухарабовканың тұрғындары тіршілік көзін өздері қазып алған скважинадан тасуда. Соңғы 5 жыл санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ұңғыманы жабу туралы мәселені көтеріп келеді. Бірақ, амал нешік, онда ауылдағы ағайын мүлдем сусыз қалмақ.

Рахат Смағұлов, Шал ақын ауданының әкімі:

– Біз ауылдардың ішіндегі су тарату желілерін салу бойынша жобаны өзіміз жасауға әзірміз. Кейін көшелерге колонкалар да орнатар едік. Бірақ, оны қосатын топтық су құбырлары жоқ. Магистральдар елді мекен шекарасынан 12-15 шақырымда орналасқан, тым алыс.

Қысқасы 5 мыңнан аса шалақындықтың тағдыры қазір Есіл судың қолында. Монополистер шаруаны тездетіп, қарқын қосса, ауылдағы ағайын жақын арада сапалы тіршілік көзін тұтынатын болады.

Қайырлы Едіресов, облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Бұрындары шаруаның атқарылуына қажет ақша болмай қиналатынбыз. Қазір мемлекеттен млрд-тап қаражат бөлінеді. Ал, біздің түріміз – мынау, қаржы игере алмай жүрміз.

Кейде шаруа мердігерлердің жауапсыздығынан да бөгелетінін айтқан жөн. Әсіресе, тендерді жеңіп алған басқа өңірдің компаниялары істі созып жібереді. Себебі, теріскейге келіп, жұмысты жүргізуге қажет техника мен кадр іздейді. Мұндайға алдағы уақытта жол бермеу қажет деді облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Қайырлы Едіресов.

Эльмира Садвокасова