Спорт

Петропавлға WBA International белдігінің иегері Евгений Павлов оралды

Жас кәсіпқой боксшы, екінші жеңіл салмақта WBA International чемпиондық белдігінің иегері Евгений Павлов билет алған ұшақ шамамен 1 сағатқа бөгелді. Шымкенттен жолға шыққан шаршы алаң шеберін жора-жолдастары тағатсыздана күтіп жүр. Біреуінің қолында курткаға дейін бар. Жайма-шуақ ауа райына әбден үйреніп қалған жуан жұдырықты досына арнайы алып келіпті.

12-ден аса ұшақ «Қызылжар халықаралық әуежайына» қонды, жиналғандар Евгений Павловты құшақ жая қарсы алды. Көптің арасында бүгін 38 жасқа толып отырған Жанат Жақиянов та болды. Бір кездері талайдың тізесін дірілдеткен азамат ізбасарының жетістігіне дән риза. Айта кету қажет, қос чемпион да – бір мектептің түлектері.

Жанат Жақиянов, бокстан олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:

– Сәттілік тілейміз. Алдағы уақытта әлем чемпионы атансын. Еңбектенсе, өз мақсатына жетеді деген ойдамын.

Чемпиондық белдік Евгений Павловқа оңайлықпен келген жоқ. Ол бұл жүлдеге қол жеткізу жолында 5 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 4 жекпе-жек уақытынан бұрын аяқталды. Яғни, петропавлдық қарсыластарын нокаутқа жіберді. Соңғы айқас қыркүйек айының алғашқы жартысында Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Мұнда жерлесімізге тәжірибелі ганалық Айзек Сэки қарсы тұрды. Евгений кездесудің басынан шапшаң қимылдап, шетелдіктің әбден апшысын қуырды. Тіпті, 4-ші раундта құлаштап ұрған соққыларымен есінен таңдырды. Осылайша, жеңімпаз атанды әрі WBA International белдігін иеленді.

Евгений Павлов, кәсіпқой боксшы:

Бұл жекпе-жекке шамамен 3 айдай дайындалдық. 2 оқу-жаттығу жиыны болды. Біріншісі Нұр-Сұлтан қаласында өтсе, екіншісі Мәскеуде ұйымдастырылды. Төккен тердің арқасында осындай жетістікке жетіп отырмын. Енді бұл белдікті қорғайтын боламын. Яғни, осы жүлдеге үміткерлермен кездесулер өткіземін. Әзірге, келесі қарсыласымның кім екенін, қашан және қайда жұдырықтасатынымды білмеймін.

Евгений Павлов кәсіпқой бокстан әуесқойға қайта оралғысы келмейді. Оның мақсаты – Жанат Жақиянов сияқты елдің намысын қорғау. Қазір Сербияда әуесқойлар арасында әлем чемпионаты өтіп жатқаны мәлім. Бұл додада Қазақстан атынан жерлесіміздің бұрынғы қарсыластары да бақ сынауда. Әзірге, аяқ алыстары жаман емес. Боксшы білекті жігіттер ел қоржынына бірнеше алтын салады деген ойда.

Евгений Павлов, кәсіпқой боксшы:

Әлем чемпионатында біздің жігіттер 2-3 алтын алады деген ойдамын. Менің ойымша, Абылайхан Жүсіпов, Махмұд Сабырхан және Теміртас Жүсіпов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріледі. Өзім Махмұд Сабырханмен жұдырықтасқам. Өте талантты жігіт. Оның шеберлігіне жоғары баға берем.

Чемпионды әуежайдан жолдастары Ерболат Құдайбергеновтың “Біздің жігіттер” әнімен алып кетті. Көліктерінің алдына көк туымызды да тағып алыпты.

Байболат Култанов