Денсаулық сақтау

Өңірде мұсылман дін қызметкерлерінің 80 пайызы екпе алған

Қазақстанда ағымдағы жылдың ақпан айынан бері коронавирусқа қарсы жаппай екпе егу науқаны жүргізіліп жатқаны мәлім. Бұл ретте ел тұрғындарының белсенділіктері төмендеу екенін айта кету қажет. Бүгінге дейін 8 млнға жуық адам ғана вакцина салдырған. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың шамамен 80 пайызы екпе алуы тиіс. Алайда, жұртшылықтың кейбірі діни тұрғыда бұл әрекетке рұқсат етілмеген деген теріс пікір айтуда. Мамандардың сөзінше, ислам діні ғылым, біліммен сабақтаса жүреді.

Хамзат Әділбеков, облыстың бас имамы:

 Егер медицина саласында індеттің алдын алатын жалғыз жол ретінде вакцинаны ұсынса, оған құлақ асуымыз керек. Өйткені, қасиетті Құранда: «Білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар» деп келеді. Мамандар екпе алындар десе, мұсылмандар қарсы келмеуі керек. Біздің облыста дін қызметкерлерінің шамамен 80 пайызы екпе алған.

Сонда да екпе алмас бұрын денсаулықты тексертіп алған жөн. Өйткені, әр адамның ағзасы вакцинаны түрліше қабылдайды. «Егер адамның аллергиясы не болмаса басқа да аурулары болса, онда басын қатерге тікпеген абзал», – дейді облыстың бас имамы. Дін өкілінің өзі осыдан 3 ай бұрын ресейлік «Спутник V»-ды салдырыпты.

Хамзат Әділбеков, облыстың бас имамы:

– Аллаға шүкір, вакцинадан кейін денсаулығымызда ешқандай олқылық байқалмайды. Жақсы қабылдадық. Алланың берген мүмкіндігіне сүйене отырып, қазіргі ғылымның жетістіктерін қолданып, ем қабылдау әрбір мұсылманның міндеті деп ойлаймын.

Жалпы, «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің түгелдей дерлік қызметкері иммундау шарасынан өткен. Өңірде дертті жұқтырып жатқандардың саны артып жатқаны белгілі. Сол себепті, Алланың үйінде жұма намазы өткен аптадан бері көппен бірге оқылмай жүр. Бұған Қазақстан бойынша эпидахуалға байланысты тек біздің өңірде ғана тыйым салынған.

Алтынай Казиканова