Энергетика

Өңірде АИ-92-нің бағасы тағы да шарықтады

Соңғы уақытта темір тұлпар иелері қызу талқылап жүрген бір ғана мәселе бар – ол жанар-жағармай құны. Әйтпегенде ше, биыл бензиннің бағасы осымен үшінші мәрте қымбаттауда. Наурыз айында АИ-92-нің литрі 155 теңгеден 166-ға дейін көтерілгенде көлік жүргізушілері бір шулаған еді. Араға жарты жыл салып, бұл баға арманға айналатынын кім білген.

– Біздің жалақыға бұл сәйкес келмейді. 10 литр 1-2 күнге ғана жетеді. Балаларды балабақшаға, мектепке апарамын. Жұмысқа барамын. Қымбат, өте қымбат.

– Баға қалта қағады. Наннан бастап, бензинге дейін бәрі қымбаттап жатыр. Қанша тұрса да аласың, бізде одан басқа амал бар ма. Бірақ, баға деген сұмдық.

Сұмдық дегендері – мынау. АИ-92-нің литрі қазір 180 теңгеге бағаланған. Бірнеше метр аралықта орналасқан басқа жанар-жағармай бекетіне барсаң, тіптен жағаңды ұстайсың. Мұнда мұнай өнімінің құны 186 теңгеге дейін жетіпті. Сұрақ баяғыша біреу ғана. Бензиннің қымбаттауына бұл жолы не себеп болды?

Алена Хан, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының баспасөз хатшысы:

– Павлодар мен Атырау зауыттары бензин бағасын 6 пайызға көтерді. Кейін сатушы фирмалар да өз қызметтеріне құн қосты. Сондай-ақ, логистика шығыны мен салық та бүгінде мұнай өнімдерінің бағасына кіреді. Осы факторлардың барлығы бензиннің қымбаттауына әкеп соқтырды.

Айта кету қажет, өңірге жанар-жағармай тек қазақстандық зауыттардан жеткізіледі. Яғни, импорт жоқ. Бүгінде облыстық қорда АИ-92-нің 3800 тоннасы сақтаулы. Мамандардың сөзінше, тапшылық байқалмайды.

Эльмира Садвокасова