Қылмыс

Арам жолмен ақша таппақ болған патрульдік полиция қызметкерлеріне қандай жаза қолданылады?

Облыс орталығында жол-патрульдік полициясының қос қызметкері арам жолмен ақша таппақ болған. Оқиға сәуірдің 24-і күні Батыр Баян көшесінде орын алды. Аслан Құсайынов пен Фархад Кәкенов Lada Largus маркалы автокөлігін тоқтатады. Жүргізушіні қызметтік көліктеріне отырғызып, қарсы бағыттағы жолға шығып кеттің деген айып таққан. Заңбұзушылықты жасыру үшін шенділер азаматтан 150 мың теңге талап етіпті.

Жүргізуші куәлігінен айырылып қалуға қорыққан тұрғын айтқан соманы қолдарына ұсынған. Бұл уақытта қос қызметкер темір тұлпарларындағы бейнерегистраторды сөндіріп тастапты. Қалтасы қағылған жүргізуші өзінің жол ережелерін бұзбағанына сенімді болып, полицейлердің үстінен арыз жазған. Кейін қулықтарын іске асырған қызметкерлерге барып, ақшасын қайтаруын сұрапты. Сәйкесінше, Аслан Құсайынов пен Фархад Кәкенов 150 мың теңгені қайтарған. Алайда, жазадан қашып құтыла алмады.

Нұрлан Жахин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:
– Қазанның 12-сі күні Петропавл қалалық сотының үкімімен
алаяқтық жасағаны үшін Аслан Құсайынов пен Фархад Кәкеновке 1 млн 500 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды. Сонымен қатар, енді екеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Эльмира Садвокасова