Денсаулық сақтау

СҚО-да егде жастағы жандардың 21 пайызы ғана екпе алған

Тәжді вирус қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжинді де айналып өтпеді. Қоғам белсендісі осыдан бірнеше ай бұрын сырқаттанып қалып, дертті қиын өткергенін айтады. Абырой болғанда, дер кезінде ем қабылдап, айығып шыққан. Уақыт өте келе коронавирусқа қарсы араб екпесін қойдырыпты. «Қаншама таныстарым вирустан қайтыс болғанын көргеннен кейін, ойланбастан осындай шешімге келдім»,-дейді.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Егер үшінші рет ревакцинация салса, оны да аламын. Өйткені, адамзат тарихында талай індет, оба деген ауруларды тек қана вакцина арқылы тоқтатқан. Егде жастағы адамдардың иммунитеті жоқ болғандықтан, вирус осы адамдарды аңдиды. Қайтыс болған адамдардың ішінде 80 пайызы – егде жастағы жандар. Ауруханаларда жатқандардың 78 проценті – ақсақалдарымыз.

Қалалық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрайымы Екатерина Ильина басымызға түскен бұл бәледен вакцина арқылы ғана құтыла аламыз дейді. Өзі шілде-тамыз айларында ресейлік «Спутник V» препаратын салдырыпты. Екпеден кейін жанама әсерлер байқалмаған екен.

Екатерина Ильина, қалалық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрайымы:

– Қазір бүкіл әлем иммундау шарасынан өтуде. Израиль мен Қытай елдеріндегі халықтың шамамен 60-70 пайызы вирусқа қарсы екпе қойдырған. Білуімше, біздің елімізде 8 млн-ға жуық тұрғын ғана вакцина салдырыпты. Бұл әлі аз. Аурудың бетін қайтару үшін қазақстандықтардың 80 проценті екпе алуы тиіс. Сондықтан, барша жұртты вакцина алуға шақырамын.

Ал, Елена Аличева алғашында вакцинаға күмәнмен қарағанын жасырмады. Екпенің күшіне сенбегеннен емес, керісінше, бойындағы дертті асқындырып жібермей ме деп қорқыпты. Дегенмен, ақ халаттылармен ақылдасып, иммундаудың ағзасына кері әсер етпейтініне көз жеткізген екен.

Елена Аличева, “Қазақтелеком” АҚ филиалы бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы:

– Мен шілде айында көпшілікке жақсы таныс «Спутник V» екпесін алдым. Ал, анам мен жолдасым қытайлық препаратты салдыртты. Вакцинаның қайсысын таңдаймын деп бас қатырудың қажеті жоқ сияқты. Өйткені, дәрігерлер екпенің қай түрі болмасын, барлығы бірдей инфекциядан қорғайтынын айтты.

Қоса кетейік, қазіргі таңда жергілікті аға буын өкілдерінің 21 пайызы ғана екпе алған. Жалпы айтатқ болсақ, өңір тұрғындарының 235 мыңнан астамы иммундаудан өткен

Алтынай Казиканова