Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдік отырысы өтті

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыс бюджеті жыл сайын өсіп келеді. 2017-ші жылмен салыстырғанда бюджеттің көлемі 2,5 есеге өсіп, 404 млрд теңгеге дейін жетіп отыр. Бюджеттің өсуі экономиканы одан әрі дамытуға, жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Жыл сайын құрылыс саласына да қомақты қаражат бөлінуде.

Осы қомақты қаражаттың арқасында күллі Солтүстік Қазақстан облысында, оның ішінде Қызылжарда құрылыс қызу жүріп жатыр деп ауыз толтырып айта аламыз. Сенімді сөйлеуімізге мына статистика дәлел: биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 27 млрд тенге бөлініпті. Бұл ақшаға 3 бағытта баспаналар салынуда. Соның бірі – жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлер. 5 млрд теңгеден астам қаржыға 8 көпқабатты ғимарат бой көтереді. Су жаңа нысандар қаламыздың “Береке” ықшам ауданында, Мамлютка қаласы мен Бескөлде орналаспақ.

Қайрола Ғалеев, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Жоспарланған 8 үйдің биыл 306 пәтерге шақталған төртеуі тапсырылады. Олардың үшеуі – Петропавлда, біреуі Мамлютка қаласында орналасқан. Сонымен қатар, Шал ақын ауданында 11 пәтер сатып алынады. Бұл әлеуметтік әлжуаз топтағы 217 отбасыны және 124 көпбалалы жанұяны баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

Мұнымен тоқтап қалмау қажет. Осындай ұстанымдағы билік өкілдері болашақта Петропавлдың “Жас өркен”, “Береке” және “Орталық” сынды аудандарын одан әрі көркейтпек ниетте. Соңғысында алдағы уақытта 27 бірдей көпқабатты үй салу жоспарланып отыр. Бүгінде кейбірінің жобалық-сметалық құжаттары дайын да екен. Әкімдік отырысында аудан басшылары да сөз алды. Атқамінерлер құрылыс саласында атқарылған шаруаны, келешектегі жұмысты тілге тиек етті.

Жанат Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

– Үстіміздегі жылы 5 қабатты тұрғын үйді салу бойынша конкурс жарияланды. Бүгінгі таңда байқау жұмыстары толығымен аяқталды. Ағымдағы айда жоспарланған құрылыс бастау алады. Шаруа келесі жылдың қазан айында аяқталып, баспана қолданысқа беріледі.

Тұрғын үй салумен қатар, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының тұралап қалмауына да мән беру керек. Айта кеткен жөн, өңіріміздегі кейбір субъектілер қажетті материалдың қымбаттауына байланысты істі уақытша доғарған болатын. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, шаруа жалғасады, жоспар орындалады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кейбір құрылыс алаңдарында белгіленген мерзімнен кешігу, жоспарланған қаржы көлеміне өзгеріс енгізу жайты тіркелді. Осыған қарамастан біз биылғы міндеттерімізді жылдың соңына дейін орындауымыз қажет.

Әкімдік отырысында коронавируспен күрес жайы да талқыланды. Өңірде індеттің беті әлі де қайтар емес. Мінберден сөз алған
облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев “жағдай тұрақсыз” деген мәлімде жасады. Тұрғындардың саны аз болса да өңіріміз инфекцияға шалдығу көрсеткіші бойынша елде көшбасшылар қатарында тұр.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– 2 аптамен салыстырғанда келесі аудандарда аурушаңдықтың жоғарылауы байқалады: Ақжар ауданында – 2,2, Тайыншада – 1,6, Айыртауда 1,3 есеге өсті.

Тілге тиек етілген статистикаға сүйенсек, індетке шалдыққан науқастардың 50 пайызға жуығы вирусты сауда үйлерінде, қоғамдық тамақтану орындарында жұқтырып алады екен. Бұған жол бермес үшін мониторингілік топтар тұрақты түрде рейд шарасын жүргізуі тиіс. Бірақ, олар өздеріне жүктелген міндетті орындамайтын көрінеді. Мысалы, осы күнге дейін Ақжарда 3 қана тексеріс жүргізіліпті. Ал Уәлиханов пен Тимирязев аудандарында мүлдем ұйымдастырылмаған. Халықты вакциналау барысы да көңіл көншітпейді.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Тұрғындарға екпе егу бойынша ең төмен көрсеткіш Қызылжар ауданында тіркеліп отыр. Мұнда вакциналауға жататын халықтың 52,3 пайызы курстың алғашқы кезеңінен өткен. Одан кейінгі сатыда – Уәлиханов. Аталған аудандағы тұрғындардың 54,6 пайызы бірінші дозаны қабылдаған. Мониторингілік топтардың рейд шараларын күшейтулерін сұраймыз. Арнайы бекітілген адамдар індеттің таралуына жол бермес үшін қоғамдық орындарды және вакциналау барысын қадағалағандары жөн.

Өңірдегі статистикамен бөлісейік. Ақпан айынан бері 252 мыңға жуық солтүстікқазақстандық екпенің алғашқы дозасын алыпты. Ал 235 мың адам толық курстан өткен. Осы орайда Құмар Ақсақалов иммундау шарасының маңыздылығына тоқталып, халықты вакцина қойдыруға шақырды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңірімізде әлі 120 мың ересек адамның вакцина алмағаны анықталып отыр. Індет аяқтан шалып, алқымнан алып тұрса да кейбір жандар вирусқа қазірдің өзінде күмәнмен қарайды. Өзім жұмыс барысында жақындарын жоғалтқаннан кейін ойларын өзгерткен адамдармен кездесіп тұрам. Дерттен қорғанудың бірден-бір жолы ол – вакцинация. Осыны ұмытпаған жөн. Біз “бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып” әрекет етсек қана осы қиын кезеңнен өте аламыз. Сондықтан, облыс тұрғындарын вакцина алуға шақырамын.

Облыс әкімі індеттің таралуы тоқтамай, эпидахуал одан әрі күрделене түссе, карантин шаралары күшейтілетінін атап өтті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Вирус одан әрі күшейсе, жоспарлы емдеуді тоқтатуға мәжбүр боламыз. Себебі, медициналық мекемелер ковидтік госпитальдарға кезекті мәрте жабдықталатын болады. Кәсіпорындар қайтадан карантинге жабылады. Сауда нысандары да қызметін тоқтатады. Осының салдарынан адамдар жұмыстарын жоғалтуы мүмкін. Мұндай жағдай орын алса, кіріс пен салық көлемі де қысқарады. Мұның бәрі облыс бюджетіне кері әсерін тигізеді. Экономикамыз ауыр соққы алады. Сондықтан, бұқарадан барынша сақтануға, дертпен күресуге шақырамын.

Сөз соңында Құмар Ақсақалов қарттарды вакциналауға қарқын қосу қажет деді. Бүгінде өңірде екпенің 2 құрамын да егде жастағы адамдардың 21 пайызы ғана алған.

Байболат Култанов