Қылмыс

“102” мобильді қосымшасы арқылы 500-ден астам арыз-шағым келіп түскен

Видеобайланысқа шығу, аудиожазба жіберу. “102” мобильді қосымшасы арқылы полицияның кезекші бөліміне кез келген тәсілмен жүгінуге болады. Ескеретін бір жайт – хабарламаны жіберер сәтте телефондағы геолокация қосулы болуы керек екен. Бұл көмекке ұмтылған тәртіп сақшыларының оқиға орнын дәл әрі тез табуына септеседі.

Болат Нұржақыпов, қалалық ПБ ЖБО кезекші тобының аға инспекторы:

Ауыр қылмыс жасалғандығы туралы хабар жеткен кезде істің ізін суытпай ашу үшін бірден бірнеше автопатруль көлігі жіберіледі және тиісті аумақ қоршауға алынады. Сондайақ, қылмыскердің ісін әшкерелеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары қаралады.

“102” мобильді қосымшасы үстіміздегі жылдың ақпанында іске қосылды. Мақсат – арыз-өтініштердің жолдануын бір жүйеге тоғыстыру әрі осылайша әрекет етуді жылдамдату. Бір жылға жуық уақыттың көлемінде аталған жобаның тиімділігі байқалып отыр дейді полиция қызметкерлері.

Жұлдыз Сембина, қалалық ПБ ЖБО операторы:

Тұрғындар көп жағдайда жол жүру ережелерінің бұзылуына қатысты хабарласады. Мәселен, біреу өтетін жерге көлігін қойып қойса, біреудің көлігі балабақша маңында дұрыс тұрмаса, үйдің ауласында тұрған автомобиль тұрғындарға кедергі келтірсе – міне, әсіресе, осындай шағымдар келіп түседі. Біз оқиға орнына бірден автопатруль қызметін жібереміз.

Аталған мобильді қосымша арқылы хабарлама қабылдау тәулік бойы жүргізіледі. Бұл қызмет аудандарда да қолжетімді. Жоба жүзеге асырылғалы облыста тәртіп сақшыларына 500-ден астам арыз-өтініш келіп түскен. Дені жазбаша түрде жолданыпты. 200-ге жуығы – видео күйінде, қалғаны – аудиожазба. Белгілі бір оқиға туралы жолданған хабарламаның 300-ге жуығы облыс орталығында тіркелген.

Данаш Хамзина