Қоғам

Өңірде 200-ге жуық жұмысшы жалақыларын ала алмай жүр


 

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері соңғы 10 айда өңірдегі серіктестіктерге 200-ден астам тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 550-ге тарта заңбұзушылық анықталған. Тіркелген фактілердің басым бөлігі жалақы мәселесіне қатысты.

Мирас Сабағанов, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалақы жөнінде қарызы бар 31 ұйымды тексеріп, 2 мыңға жуық жұмысшыға 235 млн теңгеден астам еңбекақы төлемегендігін анықтадық. Бұған жол берген кәсіпорын басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 11 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2 мыңға жуық қызметкердің құқығы қорғалып, жалақылары толығымен төленді. Алайда, бүгінде өңірдегі 4 бірдей кәсіпорын жұмысшыларына әлі де қарыз. Қара тізімге енген агроқұрылымдардың 3-еуі Айыртау ауданында орналасқан. “Жарқын-СК” серіктестігі көпке таныс. Жоспардан тыс тексеріс барысында мұндағы 50-ден астам адамның сәуір айынан бері көк тиын алмағандары анықталған. Шаруаны істетіп алып, ақша төлеуге келгенде сараңдық танытқан басшыға 100 АЕК көлемінде айыппұл салыныпты. Осыдан кейін жұмыс беруші 32 адамға берешегін берген. Қалғандарына әлі бақандай 2 млн 400 мың теңге қарыз.

Мирас Сабағанов, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– Бақылауымыздағы 4 кәсіпорынның басшысы жалпы саны 200-ге жуық қызметкерге қарыз. Берешек көлемі 20 млн теңгеге жуықтайды.
Жұмыс берушілерге қарызды төлету бойынша жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз.

Мирас Сабағанов өңір кәсіпорындарында орын алған жазатайым оқиғаларға да тоқталып өтті. Жыл басынан бері өндіріс ошақтарында 28 оқыс жағдай тіркеліп, салдарынан 5 адам қаза тапқан. Жарақат алғандардың саны 30-дан асып жығылады. Мамандардың айтуынша мұндай жайттар көп жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан болады дейді.

Дана Ешкенова