Билік

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев құрметті еңбек демалысына шықты

Мемлекеттік орган басшылары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мамандары мен қоғам өкілдері. Әкімдікке жиналғандардың барлығы – ұзақ жылдар бойы Асқар Сақыпкереевпен бірге еңбектенген жандар. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов Асқар Жоламанұлының еңбек жолына тоқталып өтті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Асқар Жоламанұлы өзінің еңбек жолын агрономнан бастады. 2004 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбектенді. 13 жыл бойы еңбек және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болды. Соңғы 4 жыл облыс әкімінің орынбасары лауазымында еңбектенді. Сондай-ақ, 10 жыл бойы облыстық сайлау комиссиясын басқарды.

Асқар Сақыпкереев саналы ғұмырының 40 жылын өңір мен елдің дамуына арнаған болатын. Өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды жасауға ат салысып, оның жүзеге асырылуы бойынша біраз тер төкті. Бұған осыған дейін атқарылған ауқымды шаруаның нәтижесі дәлел дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Қай жерде еңбек етпесеңіз де үлкен абыроймен, шын ықыласпенен жұмыс істедіңіз. Мен сізбен кейінгі 10 жыл етене жақын жұмыс істедім. Сіз облыстық ардагерлер кеңесіне куратор ретінде ақыл-кеңесіңізді беріп отырдыңыз. Бүгінде біздің кеңес республика көлемінде алдыңғы қатарда болса, ол – сіздің арқаңызда.

Денсаулық сақтау, экономика, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру мен еңбек инспекциясы. Облыс әкімінің орынбасары ретінде Асқар Сақыпкереев дәл осы маңызды салаларға жетекшілік етті. 4 жарым жылдың ішінде өңірдегі медицинасы қарқынды дамып, өлкенің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері артып, жерлестеріміздің тұрмысы жақсарды. Ұзақ жылғы адал қызметі үшін Асқар Жоламанұлы вице-Премьер-министр мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің алғыс хаттары мен облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ, Асқар Сақыпкереевке “Еңбек ардагері” медалі табыс етілді.

Асқар Сақыпкереев, СҚО әкімінің бұрынғы орынбасары:

– Өзімнің және отбасымның атынан сізге, Құмар Іргебайұлы, және әріптестеріме үкен алғыс айтамын. Сіздер болмасаңыздар бүгінгі жетістікке жете алмас едік. Сіздерге тілейтінім амандық, денсаулық, жұмыстарыңыз алға баса берсін. Алда тұрған үлкен жетістіктерге жете беріңіздер.

Асқар Жоламанұлының білімі, біліктілігі мен көпжылдық тәжірибесі молынан. Азамат алдағы уақытта да артынан ерген ізбасарларынан ақыл-кеңесі мен қолдауын аямайтындығын жеткізді.

Эльмира Садвокасова