Білім

№13 орта мектебінің оқушылары – дарындылар қатарында

Тарихи мекендер мен тақырыптық натюрморт салғанды жаны сүйеді. Қалалық №13 орта мектебінің оқушысы Артём Печёрин қолына қылқаламды кішкентай күнінде алған. Жылдан-жылға бейнелеу өнерінің қыр-сырын өздігінен меңгеріп, 7 жыл бұрын көркемсурет мектебіне түскен. Мұнда шеберлігін одан әрі шыңдаған. Нәтижесінде 16 жастағы талантты теріскейліктің туындылары елімізде ғана емес, Ресей мен Еуропа елдерінде де көпшіліктің жоғары бағасын иеленуде.

Артём Печёрин, қалалық №13 орта мектебінің оқушысы:

–  Мен былтыр Чехияда өткен 48-ші сурет көрмесіне қатыстым. Онда «Теплый дождь» атты туындымды ұсынған болатынмын. Қазылар алқасы еңбегіме жоғары деген бағаларын беріп, медаль мен грамота табыс етті. Осы марапатым «Қазақстанның дарынды оқушылары» кітабына енуіме зор септігін тигізді.

Еліміздің дарынды оқушыларының қатарына парабишілер Сандуғаш Молдағалиева мен Тамерлан Айкенов те енді. №13 орта мектебінің биылғы түлектері 3 жылдан астам уақыт бойы жұптасып өнер көрсетіп келеді. Жастар білім ұясынан түлеп ұшса да байқауларға осында дайындалады екен.

Сандуғаш Молдағалиева, Қозыбаев университетінің студенті:

– Бізге дейін облысымызда парабишілердің жұбы болмады. Осы саланың мамандарынан «Бірге билеп көрсеңдер қалай болар екен?» деген ұсыныс түсті. Ең алғаш рет Тамерлан екеуміз Алматы сахнасында өнер көрсеттік. Одан кейін қызығушылымыз артып, Атырау, Шымкент қалаларында өткен конкурстарға қатыстық.

Қос бишінің бүгінге дейін жеткен жетістіктері көп. Қыркүйектің соңында Шымкент қаласында өткен спартакиадаға қатысып, үздік ондыққа еніпті. Қазіргі таңда өнерпаздар наурыз-сәуір айларында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындық үстінде.

Абай Қайсин, қалалық №13 орта мектебінің директоры:

– Оқушыларымыздың кітапқа енгеніне өте қуаныштымыз. Біз 10-нан астам баланы ұсындық, оның үшеуі қабылданды. СҚО бойынша 20-дан астам бала кірген.

Жалпы, «Қазақстанның дарынды оқушылары» кітабына ел бойынша 12 өңірдің талантты ұл-қыздары еніпті.

Алтынай Казиканова