Денсаулық сақтау

235 мың солтүстікқазақстандық иммундау шарасынан толық өткен

Әлемде коронавирустан көз жұмғандар саны 5 миллионға жетті. Эпидемиологтардың сөзінше, қаза тапқандардың басым бөлігі иммундау шарасынан өтпеген. Осыған байланысты қазір дүниежүзінде вакциналауға қарқын беріліп жатыр. Бұл ретте Испания мен Канада халқы белсенділік танытуда. Бүгінге дейін аталған елдердегі тұрғындардың шамамен 80 пайызы екпенің қос компонентін де алған.

Осы орайда Қазақстандағы статистикаға тоқталайық. Бүгінде республикада екпенің алғашқы дозасын қабылдағандар саны 8 млн 300 мың адамға жетті. Ал толық курстан өткендердің саны 7 жарым млн-ға жуықтайды. Оның 235 мыңы – солтүстікқазақстандық. Тағы да айта кететін жайт, қараша айының 20-сынан елде ревакцинациялау, яғни қайта вакциналау басталады. Екпенің 3-ші компоненті ең алдымен медицина қызметкерлері, педагогтар, күштік құрылым өкілдеріне салынады. Одан кейінгі кезекте екпе 60 жастан асқандар мен коронавирусқа қарсы антиденесі қалыптаспағандарға салынады.

Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жетекшісі:

– Бұл – халықаралық тәжірибе. АҚШ пен Батыс елдері коронавирустың жаңа штамдары пайда болып жатқан соң халыққа екпенің үшінші дозасын салып жатыр. Ревакцинация науқанында тек бір доза салынады. Үшінші компонент екпенің қос дозасын алған соң 6-9 ай өткеннен кейін салынады. Қосымша доза алдымен ақпан-мамыр айында екпе алған 600 мың адамға егіледі.

Маржан Касымбек