Спорт

“Qyzyljar” футбол клубы тарихи жетістікке қол жеткізді

“Қызылжар” мен “Ордабасы”. Биылдыққа бұл командалар осымен 4-ші мәрте кездесуде. Бір рет құрамалар тең түссе, екі рет теріскейліктер қарсыластарын тізе бүктірді. Десе де, соңғы ойындарда шымкенттіктер өздерін жақсы көрсетті. Қысқасы – “Ордабасы” қалпақпен қағып алатын команда емес. Сондықтан, солтүстікқазақстандық аяқдоп шеберлері бірден жойқын шабуылдарға көшті. Нәтижесі көп күттірмеді. Ойынның 10-шы минутында Тимур Мульдинов берген пасты Максим Драченко қақпаға дәл бағыттады.

Бүгінгі 90 минут қос команда үшін де шешуші. Жеңіске жеткен құрама Премьер-лиганың турнирлік кестесінде 4-ші орынға табан тірейді. Осылайша, келесі жылы Конфереция лигасында, яғни еуропалық командалармен күш сынасу мүмкіндігіне қол жеткізеді. Жолдама “Ордабасыға” біртабан жақын. Шымкенттік клуб “Қызылжар”-дан екі ұпай алда келеді. Яғни, жергілікті жігіттерге жеңісті жұлып алу қажет.

– Мен өзім Алматыдан сағат 2-де келдім. Осы матчқа үлгерейін деп. Бірінші таймның соңына 20 минут қалғанда келдім. Біздікілер ұтулары тиіс. 2 де 1 болады деп ойлаймын.

– Бәріне үлкен алғыс. Соңында счет 2:0 болады деп ойлаймын. Алға, “Қызылжар”!!!

Матчтың екінші таймы басталып үлгерген жоқ, трибуналар тағы бір көтерілді. Ойынның 46-шы минутында шабуылшы Тимур Мульдинов ассистін қайталап, Карлос Фонсека есепті еселетті.

Әр минут пен қақпаға бағытталған соққы сайын алаңдағы талас-тартыс та күшеюде. Ойын соңына 16 минут қалғанда “Ордабасы” қарқынды тіптен үдетті. Кездесудің 74-ші минутында қарсыластар есеп айырмасын қысқартып, 89-шы минутында таразы басын теңестірді. Шымкенттік команда үшін тең нәтиже көңіл көншітерлік. Құрама 1 ұпай иеленіп-ақ, келесі жылы Конферация лигасына жолдама ала алады.

Алайда, қонақтардың қуанышы көпке созылған жоқ. Ойынның негізгі уақытына 4 минут қосылған сәтте қызылжарлықтар жаппай шабуылға лап қойды. Осының нәтижесінде бұрыштамаға қол жеткізді. Допты айып добын орындаудың шебері Юрий Бушман қақпа алдына көтерді. Оны Пабло Подио баспен ұрып, қақпа торында тулатты.

Алаң иелерінің қуаныштары қойындарына сыймай, бір-бірін құшақтауда. Ал, “Ордабасы”-ның салы суға кетті. Қалған санаулы минутта қонақтарымыз азуын “Қызылжар”-ға батыра алмады. Есеп 3 те 2! “Қызылжар” футбол клубы барша Солтүстік Қазақстан облысы мен жанкүйерлерге тарихи жеңіс сыйлады. Соңғы рет жергілікті аяқдоп шеберлері мұндай биік белесті осыдан 20 жыл бұрын бағындырған екен. Ол кезде “Есиль-Богатырь” командасы ел чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Наша победа стоит очень дорого. Мы на себя взяли большие обязательства, мы будем выполнять. Есть большая надежда на Еврокубок. Большой рахмет, ребята

Жігіттерді демалыстан кейін қызу дайындық, ал “Қарасай”-ды реконструкция күтіп тұр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті стадионда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.

Андрей Карпович, “Qyzyljar” ФК бас бапкері:

– Психологиялық және моральдық тұрғыда өте қиын ойын болды. Бірақ, жігіттер жарады. Мачт соңына дейін күресіп, жеңісті жұлып алды. Маусым бойы осы нәтиже үшін жұмыс істеген болатынбыз. 4-ші орынға табан тірегеніміз үшін өте қуаныштымыз. Бұл – барша ұжым мен бізге қызу қолдау көрсеткен жанкүйерлеріміздің жеңісі.

Айта кету қажет, “Қызылжар”-дың еуропалық командаларымен ойнау-ойнамауы қарағандылық “Шахтер”-ге тікелей байланысты. Егер кеншілер Қазақстан Кубогын жеңіп алатын болса, біздің командамыз Конференция лигасында бақ сынай алмайды. Кубок үшін таласта қарағандылықтар ел чемпионы “Тобыл”-мен екі кездесу өткізеді.

Эльмира Садвокасова