Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұрғындар жер мәселесі бойынша облыс әкіміне жүгінді

Облыс орталығының тұрғыны Бермет Мұстафина өңір жетекшісіне жер мәселесіне қатысты назын айтты. Нәзікжанды осыдан 20 жыл бұрын Жамбыл ауданына қарасты Баян ауылының маңында егін еккен. 2005 жылы 56 га жер белгісіз себеппен «Баян Строй» серіктестігіне аударылыпты. Өзгерістің орын алып жатқанынан азаматша бейхабар болған екен.

Бермет Мұстафина, қала тұрғыны:

– «Баян Строй» деген еш жерде жоқ, таба алмадым. «Баян Агро» деген ғана бар. Мен 2006 жылы әкімдікке барып, барлығын тексерттім. Менің жерім еш жерде жоқ. Жер комитетіне бардым. 3 күннің ішінде барлығын қалыпқа келтіреміз деп жазып берді. Содан бері хабар жоқ.

Бір сөзбен айтқанда, азаматша жерді пайдалану құқығынан айырылған. Қазір пай үлесін ала алмай отыр. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың сөзінше, 2005 жылы шағын шаруа қожалықтарының барлығы бір серіктестікке біріктірілген. Оның ішіне Бермет Мұстафинаның жері де кіріпті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Архивтерде сіздің құжаттарыңыз, шыққан қаулылардың көшірмелері бар шығар. Сол құжаттарды тауып алып, тексеріп көрейік.

Аймақ жетекшісі бұл мәселені біржақты етуді Мейрам Меңдібаевқа тапсырды. Құмар Ақсақаловқа Бермет Мұстафинаныкіндей проблемамен Оралбай Сәкенов те жүгінді. Үстіміздегі жылы петропавлдық аукцион арқылы 700 га жер сатып алған екен. Бірақ, танапқа ештеңе себе алмапты. Өйткені, техникасын дайындап, жұмысқа кірісем дегенше, бұрынғы иелері аумаққа дән сіңдіріп тастаған. Өңір тұрғыны жарты жыл бойы әділдікке жете алмай жүргенін айтады. Ал Қызылжар ауданындағы «Бос и К» серіктестігі жауаптан жалтаратын көрінеді.

Оралбай Сәкенов, қала тұрғыны:

– Біз «Бос и К» серіктестігімен мәселені даусыз шешуге тырыстық. Алайда, олар өздерінің проблемаларын айтып, уақытты барынша созды. Диқаншылар өнімдерін жинап та алды. Естуімше, астық Петропавл қаласына жеткізілді.

Бүгінде бұл жағдай бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алтынай Казиканова