Спорт

Петропавлда “Жас барыс” турнирінің облыстық кезеңі өтіп жатыр

55 келі салмақ дәрежесінде кілемге Қызылжар ауданы мен күрес мектебінің палуандары шақырылды. Спортшылар – бір-біріне лайықты қарсылас. Әзірге, екеуінде де бір бүк ұпайдан бар.

Жан алысып, жан беріскен кездесудің мықтысы анықталды. Бұл бәсекеде таза жеңіспен Арыстан Әнуарбек жеңіске жетті.

Арыстан Әнуарбек, жарысқа қатысушы:

– Қазақ күресімен 4 жылдан бері айналысып келемін. Жарыстың деңгейі жоғары. Республикалық “Жас барыс” турниріне іріктеу жүргізілуде.1-20 Бұған дейін қаламыздағы облыстық және өзге де қалалардағы республикалық сайыстарда бақ сынадым. Өкінішке қарай, ол додаларда жолым болмады.

Ортаға ауыр салмақтағы палуандар шыға сала жарыс қыза түсті. Бұл сайыста 75 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 4 спортшы бақ таластыруда. Алғашқы кездесуде соқыр жеребе өткізудің нәтижесінде Азизбек пен Әділ есімді жастар бір-біріне қарсылас боп танылды.

Қарсыласының қолы мен бойының ұзындығына қарамастан бұл кездесуде Азизбек Әлімбеков жеңіске жетті. Спорт мектебінде тәлім алып жүрген жас 2 жартылай жеңістің арқасында келесі кезеңге жолдама алды.

Азизбек Әлімбеков, жарысқа қатысушы:

– Бірінші қарсыласым Бескөлден. Бұл жарысқа бапкеріммен ұзақ дайындалдық. Бәрі мен ойлағандай болды. Мен дзюдодан да, қазақ күресінен де сайыстарға қатысамын. Бүгін 1-ші орын аламын деген ойдамын.

“Жас барыс” турнирінің облыстық кезеңіне 100-ден астам солтүстікқазақстандық палуан жиналып отыр.

Еслямбек Бекмурзин, жарыстың бас төрешісі:

– Жарысқа ересек және кіші жасөспірімдер қатысуда. 2004-2005 жылғы балалар ертең күреседі. Бүгін кілемде 2006-2007 жылғы жастар өнер көрсетуде. Бұл жарыс арқылы біз республикалық “Жас барыс” турниріне қатысатын портшыларымызды анықтаймыз. Қай жерде қазақ күресі дамыған сол аудан спортшылары келіп, сайысқа қатысуда.

“Жас барыс” турнирінің ақтық кезеңі желтоқсан айында Қостанай қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Алдияр Айтпаев