Көлік және жолдар

Қызылжар ауданының тұрғыны жол апатынан көз жұмды

Алғашқы жағдай сенбі күні Ойқалада орын алды. Көпірмен өтіп бара жатқан көліктің иесі рөлге ие бола алмай, келесі жолақпен келе жатқан автомобильге барып соғылады. Абырой болғанда, темір тұлпардың ішінде болған жандар аман. Келесі оқыс оқиға Қызылжар ауданындағы Новокаменкаға кіреберісте болды.

Баян Байғаскина, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– 15:00-де Жезқазған-Петропавл автожолының 935 шақырымнда Audi маркалы автокөлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай қалмай, төңкерілген. Нәтижесінде 3 жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. 1 адам оқиға орнында қайтыс болды.

Ажал құшқан 57 жастағы әйел. Ол Архангелка ауылының тұрғыны. Сонда мұғалім болып қызмет еткен екен. Қазір аталған оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Апатқа кімнің кінәлі екендігі анықталуда.
Ал облыс орталығында Әуезов көшесіндегі бұрылыста бір көлік иесі екіншісін артынан келіп соққан. Көктайғақтың салдарынан көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған.

Баян Байғаскина, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Жүргізушілерге айтарымыз, дөңгелектерді уақытылы ауыстырып жүріңіздер.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 151 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 28 адам ажал құшып, 206 тұрғын түрлі дене жарақатын алыпты.

Маржан Касымбек