Көлік және жолдар

Көліктерінің дөңгелектерін қысқыға ауыстырмағандар айыппұл төлейді

Ауа райының тосын сыйына көлік жүргізушілерінің барлығы бірдей дайын болмай шықты. Көбі дөңгелектерін қысқы түріне ауыстырып үлгермеген. Мұны қызметтің бұл түрін ұсынатын мамандар да растап отыр.

Виталий Найман, шина монтаждау орнының маманы:

Кешеден бері дөңгелек ауыстырғысы келетін жандардың саны ондаған есеге өсті. Күніне 100-ге жуық машинаны қысқа әзірлеудеміз. Келушілердің бәріне бірдей қызмет көрсетіп үлгермей жатқан кездер де болды. Бұған бірі түсіністікпен қараса, басқалары ашуланып, бізге дауыс көтеріп, ренішін білдіріп кетеді.

Қазір қаладағы кез келген машина жөндейтін немесе дөңгелек ауыстыратын орынға бас сұқсаң, осындай көрніске тап боласың. Нысандардың маңы темір тұлпарға лық толы. Жүргізушілер бірінен соң бірі келіп, көліктерінің дөңгелектерін ауыстыруда. Мамандар тыным таппай жұмыс істеп жатыр. Мұнда әр автомобильге кем дегенде 20 минут уақыт жұмсалады екен.

Дөңгелегін ауыстыруға келгендердің қатары қалың. 2 сағаттан бері тұрмын. Кезегім әлі жеткен жоқ.

Қар болған жоқ. Сол үшін ауыстырмадым. Кешкі сағат 9-да бардым. 4 кезінде ауыстырды.

Жүргізушілер дөңгелектерді өңіріміздің климаттық ерекшелігі, көліктің маркасы мен жүк көтергіштігіне қарай таңдайды екен. Негізі шиналардың екі түрі болады. Олар: тікенексіз және тікенекті. Соңғы аталғаны қар көп жауатын және көктайғақ жиі болатын жерлерде жүруге арналған.

Виталий Найман, шина монтаждау орнының маманы:

Кей жандар көліктерінің тек алдыңғы дөңгелектерін ауыстырып беруді өтінеді. Біз бұл жандарға мұндай шешімнің дұрыс емес екендігін түсіндіреміз. Көктайғақ кезінде жүргізуші рөлге ие бола алмай қалуы мүмкін.

Айта кететін жайт, жүргізушілер көліктерінің дөңгелектерін желтоқсанның 1-ші жұлдызына дейін ауыстырулары тиіс. Әйтпеген жағдайда, тәртіп сақшыларының айтуынша заңға сәйкес, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Маржан Касымбек