ТЖ

Бескөлде жекеменшік үй отқа оранды

Бүгін таңғы 9 жарымда Бескөл ауылында өрт шыққандығы жайлы 101 нөміріне хабар келіп түседі. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенше дейін 2 газ баллоны жарылғандығы белгілі болған. Мамандар апат орнына келген кезде үйден бөлек, монша мен гаражды бет қаратпайтын от жайлаған. Тілсіз жау 240 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сөндірушілер өртті сағат 10-нан 15 минут кеткенде ауыздықтайды. Абырой болғанда адамдардан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір өрттің шығу себебі мен материалдық шығын көлемі есептеліп жатыр. Айта кетейік, демалыс күндері облыс орталығында да жер үйден өрт шықты.

Орал Әбдірахманов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Кеше Әуезев 82 мекенжайында өрт орын алғандағы туралы хабар келіп түсті. Екі қабатты тұрғын үйдің шатыры толығымен жанып кетті. Тілсіз жау 96 шаршы метр аумақты шарпыды. Оттың шығу себебі – жылыту пешін дұрыс қолданбау.

Өрт оқиғаларының көбеюіне тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп болып отыр дейді мамандар. Жалпы, соңғы 10 айдың ішінде облыста 600-ге жуық өрт болып, 41 адам көз жұмған. Оған қоса тағы 6 адам иіс тиіп қаза тапқан. 37 адам түрлі дене жарақатын алған.

Орал Әбдірахманов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл өрттің саны 9 пайызға өсті. Жарақат алғандардың да саны артқан. 10 айдың ішінде 5 ауданда өрт шығу фактілері көбейді. Олар: М.Жұмабаев, Тайынша, Ғ.Мүсірепов және Қызылжар. Жалпы, өрттердің 72 пайызы жеке секторларда тіркелген.

Статистика көрсетіп отырғандай, жылыту маусымы басталысымен өңірде өрт оқиғалары да жиілей түседі. Себебі, тұрғын үйлердің басым бөлігі пешпен жылытылады. Осы орайда мамандар теріскейліктерді барынша сақтық шараларын сақтауға шақырады.

Дана Ешкенова