Қылмыс

Жыл басынан бері өңірде 541 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді

Эльмира Сәдуақасова, тілші:

– Банк картасына қатысты ақпаратты бөгде біреулерге айтуға болмайтынын барлығы білетін сияқты. Десе де, алаяқтардың құрығына ілігіп қалатындар әлі де кездесуда. Бірер күн бұрын Петропавл қаласының тұрғыны үйдегі жиһазын сатпақ ниетте сайтқа хабарландыру жариялаған. Сатып алушы бірден табыла кетіпті. Қуаныштан төбесі көкке жеткендіктен бе, нәзікжанды карта нөмірі мен қоса пин-кодын да жайып салған. Нәтижесінде шотына ақша түсудің орнына, 98 мың теңгесі жоқ болады.

Ал, жаңа көлік мінгісі келген азамат бақандай 1 млн теңгесінен айырылды. Бұл соманы псевдосатушы алдын ала төлем ретінде сұратқан екен. Азамат қаражатты аударып, «Honda»-сын әкетуге ат терлетіп Сергеевка қаласына барғанда ғана алаяқтың қақпанына түскенін түсінген. Жиі кездесетін тағы бір схема банк шотындағы операцияларға қатысты.

Сәбит Бағытов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Қылмыскер жәбірленушіге хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Сіздің атыңызға бәзбіреу кредит рәсімдеп жатыр деп операцияны тоқтату үшін телефонына келген құпиясөзді айтуын сұрайды. Осылайша, шотындағы ақшасын қағып, бірнеше миллион теңгенің несиесін алады. Бұл ретте есте сақтайтын жайт – банк қызметкерлері ешқашан мұндай мәселемен хабарласпайды.

Егер күмән туса, телефонды қойып, банктің өзіне хабарласқан жөн дейді полиция қызметкерлері. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 541 фактісі тіркелген. Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларымен 126 қылмыстың беті ашылыпты. Сорақысы сол – тұрғындарды сан соқтырып кеткендерді табу қиын. Олар хабарласқан нөмірлерін бірден ауыстырып, іздерін суытады. Алайда, алаяқтарды анықтау қиын емес. Бастысы әңгіме барысында салқынқандылық таныту қажет дейді психолог Павел Моисеев.

Павел Моисеев, Қозыбаев университетінің психологиялық қызмет жетекшісі:

– Алаяқтар психологтар секілді адаммен қалай сөйлесу қажет екенін жақсы біледі. Тұрғындардың сеніміне оңай кіріп алып, қалай ықпал ету қажеттігін түсінеді. Мәселен, егде жастағы адамдарға денсаулық пен күтімге байланысты қызметті ұсынады. Кейбірі тіпті гипнозды да қолданып жатады. Сондықтан, телефонға белгісіз біреу хабарласқанда жағдайды дұрыс бағалай білу қажет. Салқынқандылық танытып, ойлану керек.

Интернет-алаяқтық интернеттің дамуымен бірге келді. Бұрын үйлерді аралап, тұрғындарды алдағандар осылайша телефон, әлеуметтік желі мен сайттарға көшті. Заман өзгерген сайын қылмыскерлердің схемасы да өзгеруі мүмкін. Заңбұзушылардың қармағына ілінбес үшін ақпараттандыру жұмыстарын күшейту керек дейді мамандар. Әрі мектеп бағдарламасына қаржылық сауаттылық сабағын енгізіп, балаларды сақтыққа осы бастан-ақ үйреткен жөн екен.

Эльмира Садвокасова