Мәдениет

“Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап” акциясы қорытындыланды

Жалпы, ұлттық акцияға Ыбырай Алтынсарин, Бердібек Соқпақбаев, Дулат Исабеков, Тобық Жармағамбетов сынды дарынды тұлғалардың кітаптары арнайы таңдалып алынған. Жергілікті университеттің 3-курс студенті Дариға Құрмаш жыл басынан бері туындылардың біршамасымен танысып шығыпты. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Өмірдастан» еңбегінен «Намыс пен муза» өлеңін жаттап та алған екен.

Дариға Құрмаш, Қозыбаев университетінің студенті:

– Жалпы, мен прозадан гөрі, поэзияға жақынмын. Себебі, мектеп кезінде көптеген іс-шараларға қатысып жүрдім. Сондықтан, поэзия жаныма жақын.

Құнды 30 жәдігердің бірқатарымен Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың қызметкері Қайыржан Мәлікова жақсы таныс. Осы жолы маман оқырман ретінде Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» еңбегін оқып шығыпты. Туынды жанына ерекше жылу сыйлағанына айтады.

Қайыржан Мәлікова, С.Мұқанов атындағы ОӘҒК қызметкері:

–  Бұл кітап Семей сынақ полигонынан зардап шеккен тұрғындар мен полигонның зардабы туралы жазылған. Өте әсерлі еңбек 2 кітаптан тұрады. Бірінші бөлімі «Қасірет пен тағдыр» деп аталса, екіншісі «Үзілмеген үміт» деп аталады.

Жалпы, 1 жыл ішінде әр қазақ оқуға тиіс дүниелердің ішінде проза, поэзия, балалар әдебиеті мен аудармалар да бар. Негізінен, ата-бабамыздың тәуелсіздік жолында төккен тері мен еліміздің бүгінге дейін жеткен жетістіктері баяндалған.

Жазира Көкбас, Қозыбаев университетінің «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:

–  Барлық ақындардың ортақ мүддесі – халықтың тілі, дәстүрі. Кеңес үкіметінің тұсында тілімізден айырылып қалуға жақындаған сәттер болды. Сондықтан, қазақтың тілі туралы әр ақын аңсаған. Өссе тілім, мен де бірге өсемін, өшсе тілім, мен де бірге өшемін деп.

Айта кетейік, «Бір ел – бір кітап» акциясы ел көлемінде 15 жылға жуық уақыт бойы ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін жыл кітабы ретінде 1 туынды қана таңдалатын. Осы жылы Тәуелсіздік мерейтойына 30 туынды белгіленді. Сәйкесінше, тақырыбы да өзгертіліп отыр.

Алтынай Казиканова