Денсаулық сақтау

СҚО-да соңғы тәулікте 163 адам коронавирус жұқтырып алды

Облысымызда эпидемиологиялық жағдай мүшкіл деп бағаланып отыр. Коронавирусты жұқтырған науқастарға арналып стационарларда 1755 төсек-орын болса, бүгінде соның 800-ге жуығы толық. Күннен-күнге індетке шалдыққан жандардың саны көбеймесе, азаяр емес. Мәселен, осы күндері бір тәулікте емдеу орындарына жатқызылатын адамдардың қатары 100-ге таяпты.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Стационарларда ем қабылдап жатқан науқастардың 60 пайызының жағдайы ауыр деп бағалануда. Оның ішінде 51 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Ал 18 азамат интенсивті терапия бөлімінде емделуде. Сондай-ақ, 400-ден астам солтүстікқазақстандық оттегі концентратына қосылған.

Стационарларда жатқандардың басым бөлігі – егде жастағы жандар. “Олардың әрқайсысының бірнеше созылмалы дерті бар”,- дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов. Сондай-ақ, стационарларда 7 жүкті әйел, облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 15 ұл-қыз жатыр екен. Олардың жағдайы орташа ауыр. Тағы, 40-қа жуық бала амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Бүгінде өңірдегі 69 мектепте 120 сынып карантинге жабылған.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Тағы бір айта кететіні, стационарларда ем қабылдап жатқандардың 93 пайызы вакциналанбаған. Осы ретте аймақтағы өлім-жітім көрсеткішіне тоқталғым келеді. Өкінішке қарай, пандемия басталғалы бері өңірімізде тәж вирусынан 289 адам көз жұмды. Оның ішіндегі 43 адам үстіміздегі жылдың 15-ші шілдесіне дейін қайтыс болды. Ал аймаққа дельта штамы жеткеннен кейін небәрі 4 айдың ішінде 246 жерлесімізден айырылдық.

Марқұм болғандардың басым бөлігі – 60-жастан асқан жандар. Олардың 79 пайызы вакциналанбаған екен. Сондықтан, мамандар егде жастағы адамдарды белсенді түрде вакцинациядан өтуге шақырады. Бүгінде 134 мың зейнеткердің тек 25 мыңы ғана иммундау шарасына қатысқан. Жалпы, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін аққайындар өлкесінде ересектердің 91 пайызы екпе алуы тиіс екен. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 66,7 пайызды ғана құрайды.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Солтүстікқазақстандықтарды қарапайым санитарлық ережелерді сақтап, вакцина алуға шақырамын. Індеттен құтылудың бірден-бір жолы ол – иммундау шарасы. Екпенің көмегімен өз денсаулықтарыңызды және жақындарыңызды қорғай аласыздар.

Тағы бір статистика: аймақта соңғы екі аптада 2 мыңнан астам жан тәж вирусын жұқтырған. Бұл алдыңғы қос аптадағы көрсеткіштен 1,4 есеге көп.

Дана Ешкенова