Аптадағы маңызды жаңалықтар

К.Сафин атындағы облыстық бокс мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді

Камиль Сафин атындағы облыстық бокс мектебінде 360-тан астам бала жаттығады. Спортшыларға 13 бапкер тәлім беріп, түрлі деңгейдегі сайыстарға дайындайды. Нәтиже жаман емес. Мамандар бүгінге дейін жүздеген шаршы алаң шеберін шығарды. Қатарда көпшілікке жақсы таныс күрзі жұдырық иесі Евгений Павлов та бар. Әділ Эйвазов мұнда 2 жылдан бері еңбек етеді екен. Қазір оның қол астында 50-ден аса шәкірт бокстың қыр-сырын меңгеруде.

Әділ Эйвазов, бокстан олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

Қазір мектепке балалар қабылдап жатырмыз. 10 мен 16 жас аралығындағы оқушылар келеді. Біліктілігімізді әрдайым шыңдап отыруға тырысамыз. Патриоттық тәрбиеге де көңіл бөлудеміз. Облысымыз бен ел намысын лайықты қорғап жүрген жастар көп.

Кәсіби даярлықтан бөлек, жастарды жайлы орын, жаңа жаттығу құралдарымен де қамтамасыз еткен маңызды. Соңғы бірнеше жылда біліктілік шыңдалатын залдың іші тоза бастаған екен. Ұзақ уақыттан бері жөндеу көрмеген нысанның қабырғаларынан өң кетіпті. Спорттық жарақтар да ескірген. Осыған орай биыл бокс мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жаңадан құрал-жабдықтар да жеткізілген. Атқарылған шаруамен бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

Сергей Мелехов, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Қазіргі күні ғимараттың терезелері ауыстырылып, еденге жаңа плиталар төселді, жарық шамдары орнатылды. Одан бөлек, балалардың киім ауыстыруы үшін арнайы бөлме салынып, жуынатын орын ашылды. Медициналық кабинет те жұмыс істеп тұр.

Аймақ басшысы атқарылған шаруаға оң бағасын беріп, спортшыларға алдағы сайыстарда сәттілік тіледі. Сонымен қатар, облыстың дене шынықтыру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жоспарлармен бөлісті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, спортты дамыту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бағытқа облыс бюджетінен 200 млн теңге қаржы бөлінген. Инфрақұрылым жақсарып жатыр. Облыста 5 ірі спорт объектісінің құрылысы жүріп жатыр.

Оң өзгерістер жас спортшылардың да көңілінен шығуда.

Бізде жаңа ринг пайда болды. Соңғы уақытта оның үсті тоза бастаған еді. Қозғалған кезде ыңғайсыздық тудыратын.

Залдың іші өткен жылға қарағанға жарық. Қаптар мен бокс қолғаптары да жап-жаңа. Жаттығу жасауға ыңғайлы.

Жалпы, қазіргі күні облыс бойынша спорт үйірмелеріне 1600 бала барып жүр екен.

Бердимурат Баймухан