Қоғам

СҚО-да 14 кәсіби медиатор жұмыс істейді

Жер, еңбек, отбасы дауы. Айта берсең, кете береді. Әдетте, туындаған дау-дамайды шешу үшін көпшілік бірден сотқа асығады. Дегенмен, кейбір мәселелерді соттан тыс, медиатор мамандардың көмегімен реттеуге болатынын бірі білсе, бірі біле бермейді. Процестің басты ерекшелігі – мұнда ұтқан немесе ұтылған тарап деген түсінік жоқ. Мәміле екі жаққа да тиімді болуы керек.

Амангелді Туралинов, «Содружество» СҚ медиация және құқық орталығы» ҚБ медиаторы:

– Мен 2016 жылдан бері медиатор болып жұмыс істеймін. Тұрғындар көбінесе мүлік бөлісу, ажырасу, баланың кіммен қалатыны және алимент мәселесі бойынша жүгінеді. Биылдың өзінде айырылысқалы жатқан 6 отбасыны сақтап қалуға септестік. Жалпы, 5 жыл ішінде 60-тан астам дауласқан қос тарапты бітімге шақырып, сотқа жеткізбей шештік.

Бір сөзбен айтқанда, медиация екі тарап үшін де тиімді. Бастысы уақыт пен қалтадағы ақшаны үнемдейді. Мәселен, отбасылық проблемамен жүгінген жандар 1 күннің ішінде-ақ мәмілеге келеді екен. Айта кетейік, медиация процесіне сот өкілдері де қатыса алады.

Бауыржан Жайжуманов, СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот төрағасының міндетін атқарушы:

– Заң бойынша кәсіби, кәсіби емес медиаторлар болады. Әр ауданда, қалада медиаторлар бар. Өзіміздің статистикаға тоқталсақ, бізде 9 ай ішінде татуласу рәсімі арқылы 233 іс қысқартылды. Оның ішінде 98-і бітімгершілік келісіммен, 135-і медиация рәсімімен қысқартылды.

Кез келген медиатор облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа барып, жұмысын тындыра алады. Бұл үшін мұнда арнайы кабинет те қарастырылған.

Бауыржан Жайжуманов, СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот төрағасының міндетін атқарушы:

– Медиаторлар келіп жұмыс істей алады. Оған шектеу қоймаймыз. Әрқайсысына айтқан болатынмыз. Осы кабинет татуластырушы судьяларға арналған. Біздің экономикалық сотта 1 татуластырушы судья бар.

Бүгінде облыс аумағында 14 кәсіби медиатор бар. Жыл басынан бері мамандар мыңға жуық түрлі дау-дамайды шешуге ат салысқан.

Алтынай Казиканова