Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдік отырысы өтті


 

Жиын кадрлық тағайындаудан басталды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына енді Қайрола Ғалеев жетекшілік етеді. Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшылығына Бақыт Ілиясов тағайындалды. Бұдан кейін Құмар Ақсақалов күн тәртібіне шығарылған мәселе – “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасының жүзеге асырылуы мен жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы – отандық өндірушілерді қолдаудың бір құралы. Бағдарлама елдің ішкі нарығын отандық өнімдермен толықтыруға мүмкіндік беретін бәсекеге қабілетті өндірісті құруға бағытталған.

Аталған бағдарлама елімізде 2019 жылы іске қосылды. Бүгінге дейін солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер қаржылай қолдаудың арқасында 188 жобаны жүзеге асырған. Өндірісті іске қосуға немесе оны кеңейтуге агрокредиттік корпорация мен екінші деңгейлі банктермен 56,2 млрд теңге көлемінде несие берілген. Осылайша облыс бойынша 1200-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны пайда болды. Алайда, көшті артқа тартып тұрғандар да жоқ емес.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Есіл ауданында 3 жылда 7-ақ жоба қаржыландырылған. Жетеуіне 924 млн теңге бағытталған. Ал биыл аталған ауданда ешбір бастама қолға алынбаған. Уәлиханов пен Шал ақын аудандарында да осы бағытта шаруа сылбыр жүріп жатыр.

Ғ.Мүсірепов пен Тимирязев аудандары да көш соңынан көрінді. Үстіміздегі жылы аталған аудандарда бірде-бір кәсіпкер бағдарламаға қатысуға құлық танытпапты.

Әлібек Әшметов, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Биылғы 9 айдың қорытындысы да көңіл көншітпейді. Қаңтар мен қыркүйек аралығында 15 млрд теңгеге 20 ғана жоба қаржыландырылды. 2020-ның сәйкес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш бақандай 7 есеге төмен. Былтыр мемлекеттік қолдау 136 өндірістің іске қосылуы мен кеңейтілуіне серпін берген болатын.

Күнделікті қолданысқа қажет тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары мен жиһазды көптеп өзімізде өндіре бастадық делік. Алайда, шығарылған тауарға сұраныстың жоғары болатынына кім кепіл? Мәселен, мемлекеттік органдардың сатып алуларын қарайық. Жыл басынан қағаз бен азық-түліктен бастап, машина жасау саласының өнімдеріне дейін 7,6 млрд теңгенің дүниесі алынған. Оның 46 пайызы ғана солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерге тиесілі.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

– Облыс бойынша мемлекеттік сатып алуларға жауапты мыңнан аса әкімші бар. Мамандарға солтүстікқазақстандық тауарларды сатып алуға басымдық беру бойынша міндет жүктелді. Бұл ретте аудандық әкімдіктер сараптама жүргізеді. Олар жергілікті жерде шығарылмайтын өнімдердің тізімін жасайды.

Кейін тізім жергілікті кәсіпкерлерге ұсынылады екен. Осылайша бизнесмендер кәсіптерін әлі қолға алынбаған салаға бағыттап, жаңа өндірістерін іске қоса алады.

Эльмира Садвокасова