Қоғам

Комплаенс қызметінің жемқорлық тәуекелдерін жоюдағы тиімділігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресті жалғастыру қажеттігін атап өтті. Осы орайда бейінді агенттікке жыл соңына дейін орта мерзімді кезеңге арналған іс-қимыл бағдарламасын айқындайтын стратегиялық құжат әзірлеуді тапсырды. Яғни, құжатқа сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтердің функцияларын орындайтын, қолданылу практикасы халықаралық деңгейдегі бөлімшелер ашылуы тиіс. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қараша айында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойды.

Нұрлан Жахин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Мемлекеттік органдарда ішкі қауіпсіздік бөлімшелері болса, ал квазимемлекеттік секторда бұл жұмыспен ешкім айналыспаған. Енді былтырдан бастап комплаенс қызметі бар.

Комплаенс қызметі бүгінде «Қызылжар су» серіктестігінде жұмыс істеп тұр. Басшылық мұндай жаңашылдықты өткен жылы қолға алған екен. Жаңа тәжірибені енгізудің нәтижесінде кәсіпорындағы ішкі бақылау қызметі күшейіп, жемқорлыққа соқытруы мүмкін тәуекелдер жойылған.

Мария Дзятко, «Қызылжар су» ЖШС комплаенс қызметінің басшысы:

– «Қызылжар су» серіктестігінде еңбекақы төлеуге қатысты мынадай күмән туғызатын мәселе болды. Кәсіпорында қосымша қызмет жүктелген адамдардың жалақысына 15 пайызға дейін үстемеақы төленуі қажет екен. Бірақ, біз «дейін» деген сөзді алып тастадық. Себебі, әр адамға белгіленген сома әр түрлі төленуі мүмкін. Қызметкерге артық жұмыс істегені үшін 15 пайыз қосымша ақы толық көлемде төленуі тиіс.

Жалпы, комплаенс қызметі өңірде 200-ге жуық мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеп тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаментінің өкілдері бүгінде өзге де ұйым басшыларына осы жаңашылдықты енгізудің маңыздылығын түсіндіріп жатыр-.

Бердимурат Баймухан