Денсаулық сақтау

Ардагерлер тұрғындарды жаппай вакцина алуға шақырды

Бейбіт Әбілев коронавирусқа қарсы екпені алғашқылардың бірі болып алыпты. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары көктемнің басында зайыбымен бірге емханаға арнайы барып, ресейлік “Спутник-V” вакцинасын салдырған екен. Зейнеткер алғашқы иммундау шарасынан кейін сәл әлсіздік сезіліп, температурасының көтерілгенін айтады. Ал екінші компоненттен кейін ешқандай кері әсер байқалмапты. Бейбіт Әбілев өзгелерді де екпе қойғызу арқылы дерттен қорғануға шақырады.

Бейбіт Әбілев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Індеттен тезірек құтылу үшін біріншіден вакцина алу қажет. Коронавирусқа қарсы екпе өзімізді, жақындарымызды, айналамызды жаман аурудан қорғауға көмектеседі деп сенемін. Облысымыздағы ардагерлерді, қарт адамдарды иммундау шарасына қатысуға шақырамын.

Бүгінде Бейбіт Әбілевтің әріптестері де иммундау шарасына белсенді қатысып жатыр. Облыстық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары Медальбай Әбдірахманов коронавирусқа қарсы екпені мамыр айында алған. Жасы 70-тен асқан жерлесіміздің зайыбы жақында қойдырмақ.

Медальбай Әбдірахманов, облыстық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары:

– Жаз айында зайыбым коронавируспен ауырып шықты. Енді вакцина салдырмақ ниетте. Өзім екпе алғаннан кейін тәж вирусын жұқтырған жоқпын деп ойлаймын. Барлық қазақстандықты, әсіресе қарт адамдарды иммундау шарасына қатысуға шақырамын.

Бүгінге дейін солтүстікқазақстандықтардың 233 мыңы иммундау шарасының толық курсынан өткен. Егде жастағыларға келетін болсақ, өңірде 134 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Қазіргі таңда олардың тек 18 пайызы ғана вакцина алған. Осы ретте тағы бір статистикамен бөлісейік. Пандемия басталғалы өңірде коронавирустан 270-ке жуық адам көз жұмған. Оның 80 пайызы – 60 жастан асқан жандар.

Дана Ешкенова