Билік

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы таныстырылды

Тұжырымдама 7 бөлімнен тұрады. Құжатты әзірлеу барысында сала өкілдері стратегияның мақсат-міндеттеріне, шетелдік тәжірибе мен халықаралық стандарттарға сүйенген. Басымдық адал бизнесті дамытуға беріліп отыр. Сонымен қатар, елдегі білім ұялары мен жоғары оқу орындарында оқитын ұл-қыздар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру – басты назарда.

Нұрлан Жахин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Тұжырымдамадағы «Парасатты қоғам қалыптастыру» бөліміне ерекше тоқталып өткім келеді. Алдымен адамдардың жемқорлыққа деген көзқарасын өзгертуіміз керек. Әр адам заң бұзудың неге әкеліп соқтыратынын ұмытпағаны абзал. Осы орайда түсіндіру жұмыстарына көптеп көңіл бөлу қажет.

Алдағы 5 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасымен бүгін жергілікті депутаттар танысып шықты. Карантин талаптарын ескеріп, халық қалаулыларының төртеуі – офлайн, бірқатары zoom қосымшасы арқылы байланысқа шықты. Облыстық мәслихат депутаты Евгений Кинцель құжатты жіті ой елегінен өткізіпті. «Жоба әзірлеушілердің халықаралық тәжірибені ұмытпағандары көңіл қуантады. Өйткені, сыбайлас жемқорлықпен бүкіл әлем күресуде»,- деді депутат.

Евгений Кинцель, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Тұжырымдаманың ішінде маған ең ұнаған тұсы – “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тұрғындарды жұмылдыру”. Бұл қоғам дертімен адамның жалғыз өзі күресе алмайды. Індетке қарсы депутаттар тобын құру керек деген пікірмен толықтай келісемін. Заңға сәйкес, мәслихат депутаттары бес-бестен бірігіп, мәселелерді шешуге ат салыса алады.

Айта кету қажет, бұл тұжырымдаманың жобасы әлі ел көлемінде талқыланып жатыр. Құжатқа қатысты ұсыныстар мен өтініштер болса, adal.com.kz сайтына кіріп, қалдыруға болады.

Алтынай Казиканова