Билік

СҚО бойынша тексеру комиссиясының құрылғанына – 10 жыл

Тексеру комиссияларының басты миссиясы – ел қаржысын реттеу тәртібін нығайту. Яғни, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуын қадағалап, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі жұмысты бағамдау.

Тілеген Қаскин, СҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы:

– Тексеру комиссияларының алдына 3 міндет қойылған: біріншісі – жергілікті бюджеттердің атқарылуына сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыру. Бюджет заңнамасы, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама және жергілікті бюджеттердің атқарылуы, ҚР-ның өзге де нормативтік құқықтық актілері талаптарының сақталуын бақылау.

Сондай-ақ, мамандар аймақтарды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын талдап, атқарылған жұмыстарға баға береді. Ревизиялық комиссиялар құрылғанғаннан бері өңірде қаржыны реттеу ісі бір жолға қойылып келеді және ақша жымқыру фактілері де азайған екен. Биыл мұндай 13 жағдай тіркеліпті. Соның бірі Айыртау ауданында орын алған. Әкімдік бөлімдерінің бірінде жұмыс істеген есепші өзінің жалақысын көтеріп, заңсыз 1 млн теңге пайда тапқан. Маман заң алдында жауап берді. Қазіргі күні комиссия өкілдері жергілікті депутаттармен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің қызметкерлерімен бірге мемлекеттік мекеме жұмысшыларының арасында профилактикалық түсіндіру шарасын жалғастыруда.

Тілеген Қаскин, СҚО бойынша тексеру комиссиясының төрағасы:

– Тіркелген қаржылық заңбұзушылықтардың 60 пайыздан астамы есеп саласына жатады. Мәселелер бар. Бірақ, ұсыныстар айтып, ескертулер жасап жатырмыз.

Биыл облыстық тексеру комиссиясының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осыған орай сала қызметкерлері атқарған жұмыстарына шолу жасап, жоспарларымен бөлісті.

Шара барысында ресейлік әріптестерімен де байланысқа шығып, халықаралық конференция өткізді. Онлайн байланыс арқылы екі елдің мамандары өзара тәжірибе алмасты.

Бердимурат Баймухан