Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі шаһардағы құрылыс алаңдарын аралады

Мұхамеджановтар әулетінде – ұлан-асыр той. Күні кеше ғана армандарының бірі орындалды. 13 жыл әкімдік кезегінде тұрған жанұя 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Жамбыл Жабаев көшесінде бой көтерген 18 қабатты баспананы “Основание” серіктестігі салыпты.

Сәуле Мұхамеджанова, қала тұрғыны:

– Басында суық су берілді, кейін ыстық су берілді. Біз пәтер жалдап жүрген адамдармыз ғой. Онда отыра беру қиын. Ыстық су берілгесін бірден көштік. Лифт істеп тұр. Екеуі де. Біз көшкенде жүк лифтімен көштік әрі мына кісінің арбасы жүк лифтіне ғана сыяды.

“Жас өркен” ықшам ауданында дәл қазір 12 бірдей үйдің құрылысы жүріп жатыр. Яғни, алдағы уақытта тағы 1300 отбасы баспанамен қамтылады. Қоныс тойы Жамбыл Жабаев, 38 мекен-жайында да тойланбақ. 4 жыл бойы жүзеге асырылып, 192 жанұяны қуантуы тиіс жобаның жыры бітуге жақын.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Барлық подъездер су және электр энергиясымен қамтылған. Қазір лифтілер іске қосылып, тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін-ертең мердігер шаруаны толық аяқтайды. Тұрғындар келіп, пәтерлермен танысып жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрылысты “Қазградстрой” компаниясы бастауын бастап, қаржы тапшылығына байланысты жалғастыра алмады. Кейін іске “Севимстальком” кірісті. Бірақ, олар да орта жолда тастап кетті. Бітпей қалған шаруаның барлығын енді “Құрылыс-Сервис СК” серіктестігі аяқтап жатыр.

“Жас өркен”-ді дамыту қолға алынғаннан бері мұнда 17 жаңа баспана бой көтерген екен. Нәтижесінде шағын ауданға 10 мың адам көшіп келген. Қалада адам саны көбейгендіктен біртіндеп әлеуметтік маңызы бар нысандар да тұрғызылуда. Мәселен, келесі жылдың соңында дәл осы ауданда бір ауысымда 250 адамды қабылдауға қауқарлы екіқабатты емхана қолданысқа тапсырылады. Медициналық мекеме сүрілген 22 үйдің орнына салынады. Тағы 4 үйді бұзу жоспарланып отыр. Құрылысқа жергілікті “Альфа-Север” серіктестігі жауапты.

Қайрола Ғалеев, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Жер учаскесінің аумағы 1 жарым гектарды құрайды. Жоба құны 2 млрд 740 млн теңгеден асады. Оның 729 млн-ы су жаңа цифрлық медициналық қондырғыларды алуға жұмсалады. Биыл қаражаттың 20 пайызын игеру көзделген.

Бірінен соң бірі тұрғызылып жатқан нысандарды үздіксіз электр энергиясымен қамту да басты назарда. Тура 3 жыл бұрын “Жас өркен”-де жабық типті қосалқы станция салу туралы шешім қабылданған екен. Іске бағытталған 2 млрд теңгеден аса қаражат толығымен игеріліпті.

Қалжан Назарсейітов, “Жас өркен” қосалқы станциясының өндіріс жөніндегі директоры:

– Қосалқы станциядағы жұмыстар 100 пайызға аяқталды. Нысан сынақтан өтті. Жақын арада іске қосамыз. Мұнда 25 МВт-тық (мегаВаттық) екі трансформатор орнатылған. “Жас өркен” ықшам ауданындағы барлық ғимарат мен баспананы электр энергиясымен қамтығанның өзінде қуаттылығының тек 50 пайызы ғана жұмсалады.

Яғни, қосалқы станцияның әлеуеті зор. Трансформаторлардың қуаттылығы шағын аудандағы нысандардың саны 2 есеге өскен жағдайдың өзінде барлығын бірдей қамтуға жетеді. Қызған құрылыстың жерасты суларына да әсері барын ұмытпаған жөн. Горький көшесінің реконструкциясы дәл осы проблеманың алдын алады деді шаһар басшысы Болат Жұмабеков.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Жол 16 метрге дейін кеңейтіліп, көшеге заманауи жарықтандыру жүйесі тартылады. Сондай-ақ, жерасты және қар суынан құтылу үшін суағарлар салынады. Шаруаға 1,3 млрд теңге бағытталған. Жоба сараптамадан өтті. Апта соңына дейін мердігермен келісімшарт жасалады.

Бұл жұмыс 2022-нің күзіне дейін аяқталуы тиіс. Көше қолданысқа тапсырылысымен жолға түскен жүктеме де азаяды. Себебі, мұндағы жолақ саны 4-еу болады. Ауқымды шаруа Жұмабаев көшесінде де жүргізілуде. 1 шақырымға жуықтайтын аралық қазір реконструкциядан өтіп жатыр.

Болат Шоқанов, “Құрылыс-сервис СК” ЖШС жоба жетекшісі:

– Жұмысты маусым айында бастадық. Жобаның техникалық тұрғыда өзіндік ерекшелігі болды. Неге десеңіз, барлық инженерлік желілер жолдың астында орналасқан екен. Біз су, жылу құбырлары мен электр сымдарын көшенің сыртына шығардық. Яғни, желілерді жөндеу қажет болса, монополистер асфальтті бұзып, жерді қазбайды.

Қысқасы шаруаның басым бөлігі аяқталған. Жолға геотор мен асфальттің соңғы қабатын салу ісі келесі жылға қалып отыр. Оған дейін қиыршық тас төселіп, учаске көлік қозғалысы үшін ашылады. Ал, 2022-де көлігі барлар 4 және 6 жолақты көшемен қатынайтын болады. Келесі жылы жемісін көретін жобалардың бірі “Радуга” серіктестігіне тиесілі. Компания аумағы 3,7 гектар болатын жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде. Жылына мұнда барлығы 3 мың тонна қияр, қызанақ пен салат жапырағын өсіру көзделген.

Дмитрий Шарапаев, “Радуга” ЖШС бас директоры:

– Жоба жүзеге асырылғанда көкөністердің бағасы төмендемек. Өндірілген өнімнің тең жартысын облыс көлемінде саудалап, Ресейге экспортқа шығарамыз. Алғашқы өнімді келесі жылдың қараша-желтоқсан айларында жинаймыз. 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Жылыжай кешенімен бірге “Радуга” серіктестігі тағы бір әлеуеті зор жобаны қолға алды. Әңгіме – қағаз фабрикасы турасында.

Дмитрий Шарапаев, “Радуга” ЖШС бас директоры:

– Жылына 5 мың тонна дайын өнім шығарылады. Макулатурадан санитарлық-гигиеналық қағаз дайындау көзделген. Қазақстандық сұраныстың 25-30 пайызын қамтимыз деген ойдамын. Себебі, қағаз өндіретін ірі кәсіпорынның ең жақын дегені Алматы мен Челябі қалаларында орналасқан.

Тиісті шаруа болашақ көпбейінді ауруханада да қызған. Құрылыс учаскесінде 2 кезекте 300 адам еңбектенуде. Бүгінде монолит орнату жұмыстары 50 пайызға тындырылыпты. Іс қыс кезінде де жалғасады. Мердігерлердің сөзінше, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.

Эльмира Садвокасова