Қоғам

Халық санағының аралық қорытындысы

Он жылда бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы – кешегі мен бүгінді саралайтын маңызды іс-шара. Бұл науқан демографиялық ахуалды ғана емес, азаматтардың білімін, денсаулығын, тұрмыстық жағдайын анықтауға мүмкіндік береді. Елімізде 2 айға созылған санақтың аяқталуына аз ғана уақыт қалды. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов тұрғындарды науқанға белсенді қатысуға шақырды.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Ұлттық санақтан өту – әр қазақстандықтың парызы. Елімізде 10 жылдың ішінде біраз өзгеріс орын алды. Биыл – тәуелсіздіктің 30 жылдығы. “Осы аралықта қандай жетістіктерге жеттік, халқымыздың саны қанша, қандай ұлттар тұрады, қандай жағдайларда өмір сүреді?” деген сұрақтарға жауап аламыз.

Бүгінде өңір халқының 90%-ы санақтан өткен. Оның жартысынан астамы сұрақтарға дәстүрлі форматта жауап берген. Ал қалғаны қашықтықтан қатысыпты. Жалпы, аудандар арасында Есіл, Қызылжар мен Аққайың аудандарының тұрғындары белсенділік танытуда.

Марал Нұржауыпова, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Онлайн санаққа ең белсенді қатысқан Ақжар, Мамлют және Уәлиханов аудандарын атап өту қажет (54%-дан 59%-ға дейін). Өз кезегінде, Аққайың, Қызылжар және Есіл аудандары тұрғындарының 65-68%-ы дәстүрлі форматты таңдады.

Естеріңізге сала кетейік, халық санағы бір жарым ай бойы онлайн форматта өтті. Ал қазанның 1-інен бастап сұхбатшылар дерек жинау үшін үй-үйді аралауға кірісті. Мәселе осы жерде туындаған көрінеді. Көбісі сұхбатшылардың үйлеріне келуін құп көрмей, сұрақтарына жауап беруге құлық танытпапты. Тіпті, есіктерін ашпағандар да аз емес.

Марал Нұржауыпова, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Осы жағдайларды ескере отыра және тұрғындардың өтініштері негізінде онлайн-санақты қазанның 30-ына дейін создық. Яғни, азаматтар санаққа дәстүрлі форматта да әрі қашықтықтан да қатыса алады.
Соңғы аталған тәсіл sanaq.gov.kz сайты арқылы жүзеге асырылады.

Сөз соңында айта кетейік, қазанның соңында санақ науқаны аяқталып, қарашаның 8-іне дейін бақылап аралау қарастырылған екен. Яғни, сұбатшылар тағы да үй-үйді аралап, тұрғындардың санақтан өткендерін нақтылайды.

Дана Ешкенова