Мәдениет

«Sensitive» би театры 1 млн теңгеге ие болды

Конкурстың алғашқы кезеңінде «Sensitive» би театры презентациялық жұмыс әзірлеген. Онда өздерінің концерттерге дайындықтарын, бүгінге дейін жеткен жетістіктерін көрсетіпті. Келесісінде ұйымдастырушыларға ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арнаған «Абай жаны» қойылымын жолдаған екен.

Ольга Ростовщикова, «Sensitive» би театрының көркемдік жетекшісі:

– Бұл қойылымды ерекше етіп дайындауға тырыстық. Театр бишілері жүрекке жеткізіп, қазылар алқасының ыстық ықыласына бөлену үшін барларын салды. Шыны керек, онлайн өтсе де ұзақ уақыт дайындалдық. Хореографияға Абайдың қара сөздерін де қосқан болатынбыз. Оны қазақ театрының актрисасы оқып, біздің бишіміз ым-ишарамен көрсетті.

«Абай жаны» сахналық қойылымының ұзақтығы 5 минутты құрайды. Өнерге құштар жандар кемеңгер ақынның бойындағы асыл қасиеттері мен оның қара сөздерінің астарында не жатқанына тоқталады. Ерекше көрініс арқылы кезекті мәрте қазылардың жүрегін жаулап, 1 млн теңгеге ие болып отыр.

Ольга Ростовщикова, «Sensitive» би театрының көркемдік жетекшісі:

– Қазанның 21-і мен 22-сі күндері фестиваль жеңімпаздары Нұр-Сұлтан қаласында марапатталды. Бейбітшілік және келісім сарайында өнерпаздарға арналып гала-концерт ұйымдастырылды. Жалпы, байқауға 15 өңірдің талантты жандары қатысқан болатын. “Sensitive” би театры “Инклюзивті ұйым” номинациясы бойынша үздік деп танылды.

Көпшілікті өнерлерімен тәнті етіп жүрген ерекше топ енді қаңтарда Мысыр елінде өтетін халықаралық байқауға дайындық үстінде.

Алтынай Казиканова