МТРА жаңалықтары

Петропавлда тондар жәрмеңкесі өтуде

Жәрмеңкеге тондардың 2022 жылдың жаңа топтамасы шығарылған. Барлығы әдеттегідей Ресейдің Пятигорск қаласынан жеткізіліп отыр. Көздің жауын алар сырт киімдердің ішінде үйреншікті қоңыр, қарадан бөлек, изумруд, нәзік келген ашық түстілері де бар. Көрме әкімшісінің сөзінше, қазір мұндай тондар – сәнде.

Алтынай Қазиқан, тілші:

Ұзын, ыңғайлы, бастысы – сарышұнақ аязда жауратпайды. Үстімдегі мына тон жас қыздар арасында сұранысқа ие. Ол Канада елінде арнайы өсірілетін құндыз аңының терісінен тігілген. Классикалық әрі спорттық аяқ киіммен де келе береді. Бағасы – 800 мың теңге.

Қыз-келіншектердің сәнін келтірер тондар мутон мен құндыздан жасалған. Терілер Канада, Скандинавия және Америка елдерінен арнайы жеткізілпті. Жалпы, мұндағы ішіктердің өлшемдері 40-тан басталып, 62-ге дейін барады. Мәселен, Қамал Сегізтаева өзіне 52-ші өлшемдегі тонды іздеп жүр. Әзірге, таңдауы осы қоңыр жылы ішікке түскен.

Қамал Сегізтаева, қала тұрғыны:

Сапасы өте жақсы. Выбор көп. Қазіргі модаға сай. Өзімдікін алғалы 3 жылдай өтіп кетті. Одан әдемілері де бар екен.

Ал петропавлдық Мария Стегняк бүгін өзінің алғашқы тонын сатып алды. Бұл күнді көптен бері армандағанын айтады. Қалаға сапалы әрі қолжетімді тауарлардың жеткізілгенін естіп, бірден күйеуімен жәрмеңкеге тартқан.

Мария Стегняк, қала тұрғыны:

– Бұл трансформер ішік өте ыңғайлы екен. Қалаған уақытында астын қайта жалғап алуға болады. Ол кезде түрі өзгеріп сала береді. Енді жолдасым сыйлаған тонды қақаған қыстан жылы көктемге дейін киемін.

Көрмеде ішіктердің сан алуан түрін кезіктіруге болады. Әдемілікке жаны құмар тұрғындар көрмеге келіп, өз талғамына қарай таңдап, ұнатқанын киіп, сатып ала алады. Бұл жақтағы киімдердің барлығы жоғары сапалы. Тағы бір қуантарлығы, жеңілдік те қарастырылған.

Станислав Беляков, «Эталон меха» көрмесінің әкімшісі, Пятигорск қаласы, РФ:

– Біздегі тауарларды бөліп төлеу арқылы да сатып алуға болады. Яғни, тұрғындардың ешқандай пайызсыз, бастапқы жарнасыз қалаған тонын сатып алуына мүмкіндіктері бар. Тағы кез келген құндыз ішікке 100 мың теңге көлемінде жеңілдік жасаймыз. Жалпы, жыл сайын петропавлдық нәзікжандыларды жаңа, сәнді, сапалы тауарлармен қуантуға тырысамыз.

«Эталон меха» компаниясының тондары 10 жыл бойы үскірік аяздан қорғайды. Айта кетейік, Петропавлдағы жәрмеңке қазанның 31-іне дейін жалғасады.

Алтынай Казиканова