МТРА жаңалықтары

“Петропавл” станциясында 20 еңбек әулеті жұмыс істейді

Сергей Шадрин еліміздің мұнай құбыры саласында 37 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолы “Петропавл” желілік өндірістік диспетчерлік станциясымен тікелей байланысты. Мұнда жалынды жас жігіт оқуын аяқтай сала орналасыпты. Бастапқы кезеңде сорғы машинисі болып тер төккен екен. Бүгінде Сергей Геннадьевич – технологиялық және механикалық жабдықтарға қызмет көрсету учаскесінің бастығы.

Сергей Шадрин, “Оңтүстік-Орал” АҚ “Петропавл” ЖӨДС учаске бастығы:

– Мен 1984 жылы Челябі индустриялық техникумын аяқтап, жолдама бойынша “Петропавл” желілік өндірістік диспетчерлік станциясына келдім. Содан бері осында жұмыс істеймін. Қызметім өзіме ұнайды.

Станциядағы қызу шаруа бір сәтке де тоқтамайды. Сергей Шадриннің міндеті – жұмыс барысын қалтқысыз қадағалау, білген-түйгенін кейінгі буынға үйрету. Өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен қызметкер талай жастың білікті маман болып қалыптасуына септесіпті. “Әке көрген оқ жонар” демекші, көптің арасында өзінің балалары да бар.

Наталья Козина, “Оңтүстік-Орал” АҚ “Петропавл” ЖӨДС мұнай өнімдерін айдау станциясының операторы:

– Әкем ұзақ жылдардан бері осы жерде жұмыс істейді. Жұмысына бала күнімнен қызығып өстім.

Наталья Козина – мұнай өнімдерін айдау станциясының операторы. Ол асқар тау әкесімен бірге 17 жылдан бері жұмыс істейді.

Наталья Козина, “Оңтүстік-Орал” АҚ “Петропавл” ЖӨДС мұнай өнімдерін айдау станциясының операторы :

– Осындағы еңбек жолымды тауар операторы болып бастадым. Содан кейін мені мұнай өнімдерін айдау станциясының операторы етіп ауыстырды. Менің ойымша, кез келген адам мұнай-газ саласында қызметіне сүйіспеншілікпен қарағандықтан ғана еңбек етеді.

Михаил Шадрин де әкесінің жолын қуды. Ол да қазір осы жерде жұмыс істейді.

Михаил Шадрин, “Оңтүстік-Орал” АҚ “Петропавл” ЖӨДС слесарі:

– Әрине, жауапкершілікті сезінем. Әкем осы жерде ұзақ жылдардан бері абыройлы жұмыс істегендіктен, соған теңесуге тырысам. Оның атына кір келтірмеуге тырысам.

Айта кеткен жөн, бүгінде “Петропавл” станциясында Шадриндер жанұясынан бөлек, 20 еңбек әулеті жұмыс істейді. Оларға “Оңтүстік-Орал” акционерлік қоғамынан қолдау көрсетіледі, еңбектері әрдайым жоғары бағаланады. Мәселен, отын-энергетика кешенін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Сергей Шадрин Ресей Федерациясы Энергетика министрлігінің Алғыс хатымен марапатталыпты.

Сергей Шадрин, “Оңтүстік-Орал” АҚ “Петропавл” ЖӨДС учаске бастығы:

– Станция 37 жылдың ішінде қатты өзгерді. Мысалы, 2005 жылы сорғы агрегаттары толығымен ауыстырылды. Ғимараттар жөнделді, қазір барлығының жағдайы жақсы деуге болады. Магистральдық сорғыға автоматты жүйе енгізілді. Қазір резервуарларды, құбырларды ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Тындыратын шаруа әлі де жетерлік.

Байболат Култанов