Қоғам

Өңір басшысы құрылыс алаңдарындағы жұмысты бағамдады

Көпқабатты үйлер, қосалқы станция мен әлеуметтік маңызы бар нысандар. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов қаладағы құрылыс алаңдарындағы жұмысты бағамдады. “Жас өркен” ықшам ауданындағы ауқымды өзгеріс әлі де жалғасуда. Қазір мұнда зәулім 12 бірдей тұрғын үй тұрғызылып жатыр. Баспаналар қолданысқа тапсырылысымен 1300 отбасы қоныс тойын тойламақ.

Атап өту қажет, бүгінге дейін “Жас өркен”-де сүрілген нысандардың орнына 17 үй бой көтерді. Осылайша, дамып жатқан шағын ауданға 10 мың петропавлдық қоныс аударды. Тұрғындар саны көбейгендіктен, әлеуметтік маңызы бар нысандардың қажеттілігі де артуда. Сондықтан, мұнда екіқабатты емхананың құрылысы жүріп жатыр. Заман талабына сай келетін медициналық мекеменің қауқары бір мезетте 250 адамды қабылдауға жетеді. Жоба құны 2 млрд 740 млн теңгеден асады.

Эльмира Садвокасова