МТРА жаңалықтары

“Қазақфильм” Петропавлда жазушы Адольф Янушкевич туралы фильм түсіруде

Түсірілімнің 3-ші күні. “Қазақфильм” киностудиясының мамандары бұған дейін Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры мен шаһардағы шіркеулерлердің бірінде болса, бүгін қалыңдық үйінің жанында кезекті эпизод түсірмек. Әзірге, алматылықтар құрал-жабдықтары мен актерлердің әзірлігін пысықтау үстінде.

“Камера, мотор”. Режиссердің бұйрығынан кейін түсірілім тобы жұмыстарын бастап кетті. Фильмде 19-шы ғасырдағы оқиға баян етіледі: қазақ даласына келген казактар жергілікті тұрғындарды құнарлы жерлерінен, жайлы қоныстарынан ығыстыра бастайды. Фильм сюжетінің ары қарай дәл қалай өрбитінін түсірушілер жария етпей жұмбақ күйінде қалдырды. “Жаңғырық” фильмінде басты рөлде Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері Константин Демидов ойнайды.

Константин Демидов, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Мен Польша елінің бостандығын аңсаған жазушы Адольф Янушкевичті сомдаймын. Оны император өз көзқарасын ашық әрі тура білдіргені үшін қазақ жеріне қоныс аудартып жібереді. Осылайша бодандықтағы бір елден кетіп, екіншісіне келеді. Фильмде, жалпы, осы тұлғаның өмірі баяндалады.

Бұл фильмнің түсірілімін 2019 жылы режиссер Сатыбалды Нарымбетов бастаған екен. Кейін пандемияға байланысты жұмыс тоқтап қалған. Араға екі жыл салып фильм түсірілімі қайта жанданды. Сатыбалды Нарымбетовтің ісін балалары жалғастыруда.

Ескендір Нарымбетов, қоюшы-оператор:

– Әкеміздің бастаған ісін аяқтау – біз үшін парыз. Бұл жоба қолға алынған сәттен бастап түсірілім алаңында жүрмін. Ал ағам режиссер ретінде жуырда келді. Түсірілімді жалғастырмас бұрын әкем бірге жұмыс істеген жандармен сөйлесіп, көмек сұрадым. Осылайша, бірлесіп іске кірісіп кеттік.

Бастапқы кезде мамандар түсірілімді қайда жүргіземіз көп ойланыпты. Ақыры тарихтың куәсі – көне ғимараттарға бай Петропавл қаласына келіпті.

Ескендір Нарымбетов, қоюшы-оператор:

– Елімізде ғасырлық тарихы бар ғимараттар өте аз. Бар болған күннің өзінде дұрыс сақталмаған. Ал Петропавлда мұндай нысандар баршылық әрі жақсы сақталған. Дені 19-шы ғасырда салынған, біз түсіріп жатқан фильм де сол 19-шы ғасырдан сыр шертеді.

Алматылық мамандар ертең Петропавлдағы түсірілімдерін аяқтап, Алматы облысына жолға шығады. Сол жақта мамандар фильмнің жалғасын түсіреді. Ал, “Жаңғырық” туындысы келер жылдың күзінде қалың көрерменге жол тартады.

Алдияр Айтпаев