Аптадағы маңызды жаңалықтар

Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот шешімі шықты

Естеріңізге сала кетейік, Қабдырахман Сақтағанов жақында қаладағы «Денсаулық» деп аталатын медициналық ұйымның директоры Айнагүл Қарабаевадан пара алды деген күдікке ілінді. Бармақ бастылыққа себеп – жеке медициналық ұйымдарда қызмет ететін мамандарға көтермеақы төлеу мәселесін облыстық мәслихат сессиясында көтеру. Яғни, Айнагүл Қарабаева осы сұрақты депутаттарға ұсыну үшін денсаулық сақтау басқармасының басшысына 200 мың теңге көлемінде ақша берген. Бүгін облыстық ауданаралық мамандандырылған сот залында өткен тыңалым барысында прокурор күдіктілерге қатысты ақшалай айыппұл түрінде жаза сұрады.

Асылбек Қоңыратов, СҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:

– Қабдырахман Сақтағановқа алған парасының 30 есе құнын айыппұл ретінде төлеу жазасын сұраймын. Яғни, 6 млн теңге. Сондай-ақ, оны мемлекеттік мекемелерде қызмет ету құқығынан өмір бойына шеттету қажет. Ал, кінәсін бірден мойындағаны үшін Айнагүл Қарабаеваның 4 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуін сұраймын. Бұл сома берген парасының 20 рет еселенген көлемін құрайды.

Қос күдікті өздерінің кінәләрін толық мойындады.

Осыған орай судья шешім шығарып, аталған істің нүктесін қойды. Сақтағанов – 6 млн, ал Қарабаева 4 млн теңгеден айыппұл төлейді және екеуі де мемлекеттік мекемеде жұмыс істеу құқығынан өмір бойына шеттетілді. Айта кеткен жөн, бүгінгі сот отырысына жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істейтін бірқатар қызметкерді шақырған. Бұл көргендерге сабақ болар деген ниетте жасалып отыр.

Бердимурат Баймухан