Құрылыс

“Жас өркен” шағын ауданында 17 қабатты 3 үй салынып жатыр

Алыстан көз тартар мына үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Қазір мамандар нысан ішіне электр сымдары мен жылыту жүйесін өткізуде. Төбеде де шаруа қызған. “Единство” компаниясының қызметкерлері су өткізбейтін жұмсақ жамылғы жауып жатыр. Бұл баспананың өзгелерінен бір ерекшелігі бар. Ол кәдімгі конструктор сияқты құрастырылып салынуда. Яғни, ірі панельдер бір-бірімен қабыстырылуда.

Марат Ксебаев, “Единство” ҮҚК учаске басшысы:

– Бұл үйдің құрылысын өткен жылдың маусымында бастадық. 202 пәтерлі болады. Қазіргі уақыттта нысан 85-90 пайызға дайын тұр. Материалдың барлығы жеткілікті. Барлығы – отандық. Бетон – өзіміздің “Единство” зауытынан.

Ал мына жерде мамандар жедел сатының орнын өлшеп жатыр. Әр подъездің ішінде бір жүк тасымалдайтын және бір тұрғындарға арналған лифт болмақ. 17 қабатты үйдің салынуына ел қазынасынан 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Іске жауапты жандар алдын ала бекітілген жоспар бойынша нысанды халық игілігіне жыл соңына дейін тапсыруы тиіс екен.

Александр Кондратов, “Единство” ҮҚК құрылтайшысы:

– Бұл үй мемлекеттік тапсырыс бойынша салынуда. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін пәтерлер әкімдікте пәтер кезегінде тұрған жандарға беріледі. Баспананың шаршы метрі 200-220 мың теңгені құрамақ.

Бұл үйдің жанынан “Единство” компаниясы 17 қабатты тағы 2 үй салып жатыр. Бүгінге дейін мамандар 101 пәтерлі нысанның біреуінің 3 қабатын көтеріпті, ал екіншісіні, әзірге, тек іргетасы ғана қаланған екен.

Александр Кондратов, “Единство” ҮҚК құрылтайшысы:

– Бұл екі үй де 1 подъезден болады. Біреуін ел қазынасынан бөлінген 1,1 млрд теңгеге салудамыз. Екіншісін өз қаражатымызға тұрғызып жатырмыз. Яғни, оны коммерциялық баспана ретінде сатамыз. 1 бөлмелі пәтердің аумағы – 35-40, 2 бөлмелінің аумағы 80 шаршы метрге дейін жетпек. Сондай-ақ, бұл үйлерде 4 бөлмелі баспаналар да болады.

Ірі панельді қос нысан келер жылы тапсырылады.

Алдияр Айтпаев