Құқық қорғау органдары

Сарбаздар ант қабылдады

“Алға қадам бас” бұйрығынан кейін қаз-қатар тізілген сарбаздар ортаға келе жатыр. Бүгін олардың өмірінде айтулы оқиға орын алмақ. Қорғаныс министрлігіне қарасты Петропавл әскери-техникалық мектебінде 40 күн бойы білім алған түлектер көпшілік алдында ант қабылдайды.

Садырбек Түйбаев, ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі Петропавл қаласындағы филиалының нұсқаушысы:

– 40 күнде атуды, тактикалық іс-қимылдарды меңгерді, мемлекеттік-құқықтық дайындық және жалпы жарғы бойынша барлық тақырыпты оқыдық.

Жігіттер “Атқыш” мамандығын меңгерді. 70 пайызы оқу-жаттығу іс-шараларының қорытындысы бойынша “жақсы” және “өте жақсы” деген баға алыпты. Көп ұзамай салтанатты шараның негізгі бөлігі де басталды. Автомат асынып ортаға нық қадаммен шыққан сарбаздар кезекпен ант қабылдап жатыр.

Бексері Бекназар Қостанай облысынан келіпті. Ол әскери-техникалық мектепте темірдей тәртіпке бейімделдім, жақын достар таптым дейді. 26 жастағы сарбаз алдағы уақытта Петропавлда алған білімнің, арнайы сертификаттың көмегімен құқық қорғау саласында жұмыс істеуге ниетті.

Бексері Бекназар, ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі Петропавл қаласындағы филиалының қатардағы жауынгері:

– 15-ші қыркүйек күні осы жерге келдік. Взводта – 31 бала. 31 бала бір-бірімізбен жақсы қарым-қатынаста болдық. Бір-бірімізге көмектестік. Басында қиындау болды. Сосын үйренісіп кеттік.

Қарама-қарсы тұста ел қорғандарының жақындары тұр. Әрқайсысының жүзінен мақтаныш және сағыныш сезімі байқалады. Пандемияға байланысты ата-аналар бауыр еті балаларын көре алмаған екен. Көпшіліктің арасында петропавлдық Жандарбек Қуандықов та бар. Азамат алдыңғы қатарда тұрып, ұлының әрбір іс-қимылын видеоға түсіруде.

Жандарбек Қуандықов:

– Елімізде білімді, білекті осындай ер азаматтар көп болсын. Өте әсерлі сәт. Өзімнің ант қабылдаған күнім есіме түсті. Баламның ант қабылдап жатқанын телефоныма түсіріп алдым. Қазір туған-туыстарға жіберетін болам.

Бүгін Петропавл әскери-техникалық мектебін сарбаздардың 7-ші легі тәмамдады. Үстіміздегі жылы тағы бір топ қабылданбақ. Қараша айының 2-сі күні 30-дан астам тепсе темір үзетін жігіт білім алуға кіріседі. Бұл жолы да солтүстікқазақстандық және қостанайлық жігіттер “Атқыш” мамандығын меңгермек.

Байболат Култанов