Ауыл шаруашылығы

Облыста төрт түлікке екпе егу жұмыстары жүргізілуде

Альфия Назарова Петропавл маңындағы «131-ші шақырым» деп аталытын саяжай массивінде тұрады. Нәзікжанды мұнда мал ұстап, құс өсіреді. Төрт түлік асырауды 30 жылдан бері кәсіп еткен. Ет, сүт өнімдерін өз малынан алады. Жесе – тамақ, сатса – пайда.

Альфия Назарова, қала тұрғыны:

– Сүт, ірімшік, қаймақ – бәрі өзімізден. Тек экологиялық таза тағамды жеуге тырысамын. Балаларыма да соны үйретемін. Себебі, бұл денсаулыққа пайдалы. Қазір қорада 4 ірі қарам бар. Жақында бір бұқа мен көктемде сатып алып өсірген қаздарды саттым.

Мал сырқаттанып қалмас үшін оны алдын ала тексеріп, түрлі ауруға қарсы вакцина қойған абзал. Сол себепті, үй жануарларын міндетті түрде ветеринарларға тексертіп тұрамын дейді Альфия Назарова.

Күз мезгілінде ветеринарлар төрт түлікке міндетті түрде сібір жарасы, нодулярлы дерматит және гиподерматозға қарсы вакцина қояды. Сондай-ақ, малдарға бруцеллез бен туберкулезге тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бүгінге дейін облыста 386 мыңнан аса ірі қара, 200-ден астам жылқы мен 460-қа жуық қой-ешкіден сараптама алынған.

Ирина Гуськова, қалалық ветеринариялық станциясының ветеринар-дәрігері:

– Туберкулезді анықтау үшін малдың мойнындағы жүнді қырқып, сол жерге туберкулин препаратын егеміз. 72 сағаттан кейін дәрі қойған орында үлкен ісік пайда болса, мал туберкулезбен ауырады дегенді білдіреді. Ондай жануарды ет комбинатына санитарлық союға жібереміз. Ал, бруцеллезге қатысты нәтиже зертханада белгілі болады.

Жалпы, бүгінге дейін облыстағы 3 млн-нан аса мал мен құсқа вакцина қойылыпты. Сонымен қатар, бруцеллезге қарсы 846 мыңнан аса жануардан қан алынып, аталған дерт 469-ынан табылған. Ветеринарлардың сөзінше бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге аз.

Бердимурат Баймухан