Билік

Мемлекеттік қызметтің беделін арттыру

Бүгінде облыста 4 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың шілде айында олардың алатын жалақылары біршама артты. “Бұл салаға жаңа кәсіби кадрлардың көптеп келуіне және мемлекеттік қызметшілердің беделін арттыруға мүмкіндік берді”,- дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаментінің басшысы Елена Степаненко.

Елена Степаненко, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Қаңтар айынан бері мемлекеттік қызметке орналасу үшін 443 адам іріктеуден өтті. Оның 34 пайызы – 30-ға толмаған жастар. Жалпы, соңғы 9 айда мемлекеттік қызметші болуға, бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға өтініш беріп жатқандардың саны 35 пайызға ұлғайды.

Соңғы жылдары өңір бойынша мемлекеттік қызметте кадр көші баяулаған. Береке тұрақтылықта демекші, 9 айдың ішінде жергілікті атқарушы органдарда еңбек ететін мамандардың 80 пайызға жуығының мансабы өскен.

Елена Степаненко, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Сондай-ақ, өңірде гендерлік саясат дамып келеді. Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі, атап айтқанда 64 пайызы – әйелдер. Соның ішінде 25 пайыздан астамы басшылық лауазымда қызмет етіп жүр.

Брифинг барысында әдеп жөніндегі кеңестердің жұмысы жайлы да айтылды. Үстіміздегі жылы 11 отырыс өткен. Бұдан бөлек, кеңес өкілдері 10-ға жуық тексеріс ұйымдастырып, 200-ге тарта олқылық анықтаған.

Бақыт Жанболов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

– Ағымдағы жылы 18 тәртіптік іс қаралды. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 іске артқанын көрсетеді. Аталған тәртіптік істердің 9-ы мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін теріс қылықтар жасағаны үшін және 9-ы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін қызметтік тергеу жүргізілді. Кеңес шешімдері негізінде 14 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 4 тұлғаға қатысты тәртіптік іс тоқтатылды.

Сондай-ақ, 9 айдың ішінде мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасына 113 өтініш келіп түскен. Талдау көрсеткендей, басым бөлігі лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің заңсыз актілеріне қатысты.

Дана Ешкенова