Білім

Құқықтық пәндер кафедрасына – 20 жыл

Бастапқы жылдары «Құқықтану», бертін келе «Құқықтық пәндер» кафедрасы. 20 жылдың ішінде жергілікті жоғарғы оқу орнынан 8 мыңға жуық заңгер білім алып шыққан. Болашақ мамандарға білікті 26 оқытушы сабақ береді. Қазіргі уақытта 600 студент оқып жүр. Магистратурада 5 маман білім алуда. Асыл Абдықасымова заңгерлікке 2019 жылы оқуға түскен. Қазір 3-ші курста. Талапты жас қолына диплом алған соң құқық қорғау органдарына баруды жоспарлап отыр.

Асыл Абдықасымова, Қозыбаев университетінің студенті:

– Криминалистика, медиация кабинеттері бар. Тәжірибелік сабақтарымыз сондай бөлмелерде қызықты өтеді. 25 Жалпы, заңгер мамандығы біздің қоғамға аса қажетті деп ойлаймын. Айналамызда қылмыстық істер, құқық бұзушылықтар көптеп тіркелуде. Болашақта осылармен күресуге өзімнің бір үлесімді қосқым келеді.

Аталған мамандық қоғам үшін аса қажет болғанымен, еңбек нарығына келгенде лайықты қызмет түрін табу қиынға соғатын сыңайлы. Жыл сайын 200-ден астам жас түлеп шықса, соның жартысынан астамы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады екен. Осы орайда қазіргі заман ағымына сай білімдімен қатар білікті де маман тәрбиелеу қажет дейді заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева.

Гүлбақша Мұсабаева, заң ғылымдарының кандидаты:

– Біздің негізгі мақсатымыз – құқықтық мемлекетті дамыту үшін жақсы мамандарды даярлау. 20 жылдың ішінде көптеген мамандар біздің қабырғамыздан шықты. Бас прокуратурадан бастап жергілікті құқық қорғау органдарында жұмыс істеп, жоғары нәтижелерді көрсетіп жатыр.

“Құқықтық пәндер” кафедрасының 20 жылдығы аясында университетте шағын конференциялар өткізіліп жатыр. Жиында заңгер мамандығының бүгіні мен келешегі талқылануда.

Алдияр Айтпаев