Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елордада СҚО-ның ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Эльмира Сәдуақасова, тілші:

– Сағат таңғы 8. Сөрелер бос. Тауар сатылып кеткендіктен емес, әлі сатылымға шығарылмағандықтан. Десе де, 30-40 адамнан ұзын-сонар кезек құрылып үлгерген. Елордалықтар қандай тауар түрі үшін келіпті? Бірге білейік.

– Булаевтың майына тұрмыз. Оның сапасы жақсы, дүкендегі майда сапа жоқ. Қанша береді, сонша аламыз.

– Жәрмеңкеде бір ғана үлкен кезек бар осы жерде. Не сатып жатыр екен деп қызығып келдік. Мен Көкшетаудың майын алуға келгенмін. Кезекте тұрған адамдар Булаевтың майын мақтап жатыр. Сосын мен де тұрмын алайын деп.

– Мы стоим за Булаевским маслом сливочным. Доступная цена и очень вкусное масло. Каждый год приходим специально за ним.

Дәмі тіл үйіреді әрі сапасы жоғары. Булаево майы солтүстікқазақстандықтардың ғана емес, елордалықтардың да жүрегін жаулап үлгерді. “Пальчик” кәсіпкерлігі тауарының бір қаптамасы 600 теңгеден саудалануда. Яғни, құны дүкендермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Өзге де сүт өнімдері жоғары сұранысқа ие. Аққайыңдар өлкесінде шығарылған қаймақ, сүзбе мен айранның жанынан тоқтамай өткендер болмады. Барлығы жергілікті фермерлер жәрмеңкеге 20 тонна тауар әкеліпті. Саудаға шығарылған ет пен шұжық өнімдерінің көлемі болса, одан 5 есеге көп. Сөрелерге құс етінен бастап, ірі қара мен жылқының да мүшелері де қойылған.

Нәби Есен, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Солтүстікқазақстандық ет өнімдері туралы туыстарым мен таныстарымнан талай мақтау естідім. Жәрмеңкеге келгенім де сондықтан. Еттің түр-түрі бар. Бағасы қолжетімді. Әзірге, қойдан – 10, сиырдан 10 келіден алдым. Тағы аралап, жылқының мүшелерінен сатып алмақпын.

Ал, Серік Ахметов солтүстікқазақстандық тауар түрлерімен жақсы таныс. Азамат – Ақмола облысының тумасы. Көрші өңірден болғандықтан, біздегі сүттің де, еттің де сапасын біледі. Сондықтан, жылдағы жәрмеңкені өткізбей келеді екен. Бүгін де зейнеткер үлкен шабаданын мол олжаға толтырмақ ниетте. Табиғи таза өніммен өзінің ғана емес, ұлы мен қызының да жанұяларын қамтуды көздеп отыр.

Серік Хаметов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Мен үйрек алдым, қаз алдым. Енді қара ет алайын деп отырмын. Үйде немерелерім “Ата, сүт әкел” деп күтіп отыр. Бағалары – жақсы.

Баға демекші, тауарлардың құны бекітілген. Сомасы баннерде көрсетілгеннен аспайды. Мәселен, картоптың келісі – 120, пияздікі 110 теңгені құрайды. Айта кету қажет, жуырда ғана жиналған өнімдерге деген сұраныс жоғары. Қай ауданның болмасын саудасы қызу жүріп жатыр. Шараға аграрийлер 600 тонна көкөніс әкеліпті. Тамыз-қыркүйек айларында жиналған өнімдер көптің қалауына айналды.

Сәуле Тугубаева, сатушы:

– Жылда-жылда астанаға жәрмеңкеге “Зенченко” серіктестігінің өнімдерін әкелеміз. Астана тұрғындары біледі, жақсы алып жатыр. Картоп, пияз, сәбіз бен қызылша әкелдік.

Жәрмеңкеден қалағаныңның барлығын табуға болады. Теріскейліктер шараға балықтың – 15, макарон өнімдерінің 20 тоннасын, жұмыртқаның 100 мың данасын жеткізген.

Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Жәрмеңкеге 110 кәсіпорын өзінің тауарларын ұсынуда. Шараға Солтүстік Қазақстаннан 13 аудан мен Петропавл қаласы қатысуда. 1000 тоннадан артық тауар әкелдік. Бағасы нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен.

Қысқасы екі күнге жалғасқан жәрмеңкеден бос қол оралғандар болмады. Солтүстікқазақстандықтардың ат терлетіп жеткізген табиғи таза, балғын өнімдері астаналықтардың көңілінен шықты. Сапасына да, құнына да тұрғындар жоғары бағаларын берді.

– Міне, қызылша алып жатырмыз. Әлі ет, шұжық пен ірімшік аламыз. Рахмет келгендеріне. Өте жақсы. Халық қуанып жатыр. Қойдың етін сатып жатыр, бағасы – 50 мың.

– Картоп алдық. 30 келіден 2 қап. Бағасы 120 теңгеден, жақсы. Етін алдық, енді қысқа дайынбыз.

Эльмира Садвокасова