Қылмыс

Бөгде біреудің атынан табыс таппақ болған

Ойын ойнап, мол табысқа кенел. Бәз біреу «Одноклассники» қосымшасы арқылы Уәлиханов ауданындағы нәзікжандының атынан пайда көрмекші болған. Пысықай тұрғынның парақшасын бұғаттап, атынан жалған аккаунт ашыпты. “Ойынға қатысу үшін міндетті түрде жеке деректерді енгізу керек. Кейін сілтемеге өтіп, ұтыс сомасының 50 пайызын жіберу қажет”,- деп оқырмандарға шарт қойған. Кішкенекөл ауылының тұрғыны сыртынан біреудің қитұрқы әрекет жасап жатқанын таныстарынан естіген. Бірден полиция қызметкерлеріне шағымданған. Абырой болғанда, мәліметтерімен ешкім бөліспепті. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 205-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазір күдікті іздестіріліп жатыр. Жыл басынан бері өңірдің тәртіп сақшылары 120-дан астам интернет-алаяқтық фактісін анықтаған. Оның 51-і әлеуметтік желілерде тіркелген.

Алтынай Казиканова