Мәдениет

Орыс драма театры жаңа маусымын ашты

Спектакль желісін қысқаша баяндай кетейік. Свирид есімді жас шаштараз байларға қомақты көлемде қарыз болып қалады. Әлгілер жігітке күнде келіп, жұмыс орнын жауып тастаймыз деп бопсалайды. Әбден басы қатқан Свирид Петрович тығырықтан шығудың оңай жолын іздейді. Өйткені, ауыр жұмыс жасайын десе, қолынан келмейді әрі желкедегі жалқаулығы да жібермейді. Ақыр соңында дәулетті отбасыдан шыққан қызға үйленіп, берешегінен солай құтылмақшы.

Көп ұзамай кейіпкер саудагердің Проня есімді ерке қызын жолықтырады. Алайда, оның мінезі мен түрі жігітке аса ұнай қоймайды. Сонда да мәселесін тезірек шешу үшін қыздың жүрегін жауламақшы. Ол үшін арудың үйін жағалап, қайта-қайта көңілін білдіреді. Бір үйдің жалғыз қызы жігітті ата-анасымен таныстырып, бірден той қамына кіріседі.

Бір күні Свирид көшеде сырт-келбеті көрікті, сыпайы қызды көріп, бірден ғашық болады. Жүрегін жаулаған аруға оны ұнатып қалғанын айтты. Екеуін бірге көрген Галяның анасы жігітке: «Қызыма үйлен»,- деп шарт қояды. Сәйкесінше, азамат келіседі. Дегенмен, Свирид Петрович дәулетті отбасының күйеу баласы болудан да бас тартпақ емес. Не де болса, бір оқпен екі қоянды атпақшы болады. Галя есімді кейіпкер жігіттің сөз салған қызының туысы екен. Той күні барлығы әшкере болып, Свиридтің кемесі суға кетеді.

Қойылым Михаил Старицкийдің «За двумя зайцами» пьесасы негізінде сахналанып отыр. «Мұнымен бір істі бастасаң, соңына дейін жету керек екенін көрсеткіміз келді»,-дейді өнер ұжымы. Ал басты рөлдердің бірін театр әртісі Марина Черняк сомдады. Образға енбес бұрын кейіпкердің болмысын ұзақ уақыт зерттеген екен.

Марина Черняк, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:

– Кейіпкерім бір үйдің жалғыз қызы болғандықтан, ата-анасы еркелетіп өсірген. Айтқанын екі етпей, бетінен қақпайды. Сондықтан, мінезі ауырлау, ешкімді тыңдамайды. Және жасы біразға келгесін Проня тұрмысқа шыққысы келеді. Содан қу жігіттің арбауына түсіп қалған. Бұл жерде бала тәрбиесіне қатысты көрермен өзі ой түйер.

Спектакльге Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының труппасы түгелдей дерлік қатысуда. Қоюшы режиссеры – Елена Покрас. Өнер ордасының 135-ші маусымының ашылуына бұл қойылым арнайы таңдалып алыныпты.

Елена Покрас, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Театрдың жаңа маусымын көңілді күймен ашқымыз келді. Көрермендерге күлкі сыйлап қана қоймай, терең ой тастау басты мақсатымыз еді. Жалпы, спектальді сахналау үшін 2 жарым ай дайындалдық. Келушілердің көңілдерінен шықты деп ойлаймыз. Өйткені, актерлер барын салды.

– Бүгінгі қойылым маған ерекше әсер қалдырды. Көптен бері театрға келмеп едім, бүгін бір серпіліп қалдым.

– Спектакльге әріптестеріммен келдім. Сюжеті өте қызықты екен. Әктерлер рөлдерін жоғары деңгейде сомдап шықты.

Қойылым соңында Мәдениет басқармасының мамандары өнерпаздарға 3 жарым млн теңгенің сертификатын табыс еттті. Мұнымен әртістер Ресейдегі халықаралық фестивальге қатыса алады. Тағы режиссер Тимур Каримжанов пен актриса Екатерина Майороваға облыс әкімі атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Алтынай Казиканова