Білім

Оқушылар арасында президенттік олимпиаданың облыстық кезеңі өтті

Президенттік олимпиада санаулы минуттардан соң бастау алады. Оқушылар орындарына жайғасып, тестілеуге дайындалып жатыр. Химия, биология, физика, математика. Бүгін ұстаздары мен ата-аналарының үмітін арқалаған ұл-қыздар дәл осы пәндер бойынша тест тапсырады, кейін республикалық “Дарын” орталығынан жолданған тақырып негізінде эссе жазады. Білім бәйгесіне Аружан Қайсарбек те қатысуда. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы аймақтық іріктеуден сүрінбей өтіпті.

Аружан Қайсарбек, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Бұған дейін басқа олимпиадаларға қатысып жүрдім, бірақ Президенттік олимпиадаға биыл бірінші рет қатысып тұрмын. Олимпиадаға дайындық туралы айта кетсем, химия-биология пәндері бойынша төменгі сыныптан бастап дайындалып жүрмін. Ал физика мен математика пәндері менің таңдаулы пәндерім емес. Сондықтан, оларға дайындықты бірнеше ай бұрын ғана бастадым.

Әне-міне дегенше тестілеу де басталды. Бұл уақытта еліміздің өзге де өңірлеріндегі жастар Президенттік олимпианың тапсырмаларын орындауға кірісті. Биылғы білім бәйгесінің облыстық кезеңіне сайдын тасындай іріктелген солтүстікқазақстандық 21 оқушы қатысуда. Шәкірттердің әр қимылы бақылауда. Біреуден көмек сұрауға, бөлмеде жүріп-тұруға қатаң тыйым салынған. Егер қандай да бір ереже бұзушылық тіркелсе, жүйе автоматты түрде сөнеді. Айта кетерлігі, калькулятор мен Менделеев кестесін қолдануға рұқсат етілген.

Болатхан Жүсіпов, Әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары:

– Аймақтық кезеңге барлығы 135 оқушы қатысты. Облыстық кезеңге 21 бала келіп отыр. Әр пәннен – 15 сұрақ. Оны ұл-қыздар 2 сағат бойы орындайды. Одан кейін 1 сағат эссе жазады. Тестілеу онлайн өтеді. Прокторинг жүйесі де істейді.

Олимпиаданың республикалық кезеңіне өңірімізден 8 жас іріктелініп алынады деп жоспарланып отыр. Білім бәйгесінің ақтық сыны қайда және қашан өтетіні әзірге белгісіз.

Алдияр Айтпаев