Бизнес және экономика

Әйелдер колониясында тігін цехі ашылды

Жаңа ашылған цехте қазір 4 нәзікжанды тәжірибелерін шыңдауда. Ине ұстағандардың барлығы бұрын киім-кешек тігумен айналысқан, қолдарының ебі бар әйелдер. Мәселен, Татьяна Ужегова қызметтік формаларды тігіпті. Бүгінде үйреншікті істен ауытқып, заманауи дизайндағы бұйымдарды жасауды меңгеруде.

Татьяна Ужегова, жазасын өтеуші:

– Жұмысқа күнде шығамыз. Сенбі-жексенбі – демалыс. Жұмысым ұнайды. Киім тігуді бұрыннан ұнатамын. Қазір мен қалың жейде тігіп жатырмын. Жуырда тон тоқуды аяқтадым. Оған 1 аптадай уақыт кетті.

Жазасын өтеп жатқандар мұндай мүмкіндікке Зарина Черняева есімді кәсіпкердің арқасында ие болды. Ол қазіргі күні әйелдерге заманауи стильдегі киімдерді тігуді үйретіп жатыр. Курстың басталғанына 1 ай болыпты.

Зарина Черняева, кәсіпкер:

– Қыздар 1 айдың ішінде іш киімнің түр-түрін, сыртқы және басқа да киімдерді тігіп шығарды. Ер адамдарға да арналған бұйымдарды тоқи алады. Мен оларға жаңа дизайндағы тауар түрін дайындау процесі мен тігу технологиясын үйретемін. Курстар аяқталған соң қыздарға сертификат және диплом беріледі. Оның көмегімен болашақта жұмысқа орналасуға болады.

Кәсіпкер өзі ойлап тапқан үлгідегі киімдер бүгінде халық арасында сұранысқа ие. Ерекше үлгідегі бұйымдар шетелдік мамандардың да қызығушылығын тудырған екен.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Жақында кәсіпкер АҚШ ұйымдастырған халықаралық қолөнершілер байқауына қатысып, финалға өткен екен. Енді ол Түркістанда өтетін ақтық сынға қатысып мынадай Абай Құнанбаевтың және жергілікті ақын жазушылардың ұлағатты сөздері жазылған киімдерді апармақшы. Бұлар да – осы колониядағы нәзікжандылардың қолынан шыққан бұйымдар.

Сондай-ақ, кәсіпкер киім-кешекті интернет дүкендері арқылы саудалаймын дейді. Түскен қаржы жазасын өтеп жатқандарға жалақы ретінде беріледі.

Бердимурат Баймухан