Денсаулық сақтау

Өңірде карантин ережелері қатаңдатылады

Елімізде инфекцияға шалдығу фактілері күнен-күнге артуда. Аққайыңдар өлкесінде де эпидахуал тұрақсыз. Өлкеде соңғы екі аптада тәж вирусы 2 мыңға жуық адамнан анықталған. Бұл оның алдындағы қос аптамен салыстырғанда 1,7 пайызға көп. Сырқаттану жайттары облысымыздың барлық аудандарында байқалады. Осыған байланысты кеше өңірлік комиссия карантиндік шараларды қатаңдату жөнінде шешім қабылдады.

Әсет Жұматаев, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– «Ashyq» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін шектеу критерийлеріне сәйкес барлық объектілердің жұмыс уақыты жұмыс күндері – “Ashyq” жобасына қатысатын барлық объектілер үшін сағат 22.00-ге дейін, “Ashyq” жобасының көшбасшыларына сағат 00.00-ге дейін қысқартылады. Демалыс күндері – 22.00 сағатқа дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшыларына – 00.00 сағатқа дейін, қауіпсіз «жасыл» мәртебесі болған жағдайда қызметкерлер мен келушілерге рұқсат етіледі.

Сондай-ақ, жаңа қаулыға сәйкес, той-томалақ, еске алу жиындары, отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Тағы адамдар көп жиналатын конференция, форум, ойын-сауық және өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға рұқсат етілмейді. Енді облыс стационарларындағы жағдайға келсек, өңірде сovid-19-ға шалдыққан науқастарды емдеу үшін 1715 төсек-орын әзірленген. Оның 115-і – жансақтау бөлімінде. Қазіргі таңда стационарларда 780-нен астам адам ем қабылдап жатыр. Оның 24-і – бала. Жағдайлары орташа ауыр деп бағалануда. Тағы 270-ке жуық бала үйлерінде ем қабылдап жатыр.

Құмар Күсемісов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінде стационарларда ем қабылдап жатқандардың 65 пайызы – егде жастағы адамдар. Коронавирус инфекциясына көбінесе 60 жастан асқан қарттар шалдығып жатады. Себебі, олардың иммунитеттері әлсіз болып келеді. Бұған қоса бәрінде созылмалы аурулары бар.

Пандемия басталғалы өңірде коронавирустан 268 адам көз жұмды. Оның 209-ы – 60 жастан асқандар. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов егде жастағы адамдарды иммундау шарасына белсенді қатысуға шақырды.

Құмар Күсемісов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Зейнеткерлерді, тіпті, созылмалы дерті бар диспансерлік есепте тұрған адамдарды вакцина алуға шақырамын. Коронавирусқа қарсы екпеден қорықпаңыздар. Індетке қарсы иммунитет қалыптасады.

Бүгінде өңірімізде 134 мыңнан астам қария бар. Олардың тек 18 пайызы ғана вакциналанған. Бұл – өзге аймақтармен салыстырғанда ең төменгі көрсеткіш.

Дана Ешкенова