Білім

Мектептегі музей

Мына ірілі-ұсақты дүниелердің әрқайсысы мыңдаған жыл бұрын жасалған. Құнды жәдігерлер Айыртау ауданындағы Ботай тұрағынан табылыпты. Айта кетейік, жазда №1 Чкалов орта мектебінің оқушыларынан құралған экспедициялық топ тарихи орынға барып, археологтармен бірге қазба жұмыстарын жүргізген екен. 2 аптаға созылған қызықты да танымды іс-шарада оқушылар тарихымызбен терең танысып, тың деректерге көз жеткізіпті.

Захар Ковалев, №1 Чкалов орта мектебінің оқушысы, Тайынша ауданы:

– Қазба жұмыстарында біз неолит дәуірінің соңында жасалған элементтерді таптық. Олар: түйреуіш, садақ пен найза ұшы, керамика мен сүйектен жасалған бұйымдар. Жәдігерлерді аршу жұмыстарын өте мұқият жүргіздік. Себебі, сүйектерді сәл қаттырақ ұстап қалсаңыз үгіліп кетеді.

Бәрімізге мәлім, ботайлықтар ең алғаш болып жылқыны қолға үйретті. Мыңдаған жылдан бері тарих қойнауында жатқан сырдың беті өткен ғасырдың соңында ашылып, әлемді дүр сілкіндірді. Міне, сондай ержүрек тайпа біздің Солтүстік Қазақстанды мекен еткені кеудеге мақтаныш сезімін ұялатады. Ал, сол дәурге тиесілі жәдігерлердің қасынан табылу тіпті ерекше сезімге бөлейді дейді Захар Ковалев.

Захар Ковалев, №1 Чкалов орта мектебінің оқушысы, Тайынша ауданы:

Кітапта жазылған дүниені оқу бөлек нәрсе. Ал сол тарихи жәдігерлерді қолыңызбен ұстап көрсеңіз ерекше әсер аласыз. Өзімді сол дәуірде болып келгендей сезіндім. Бұл менің тарихты зерттеуге деген қызуғышылығымды одан бетер арттырды.

Экспедиция аяқталысымен мамандар оқушыларға арнайы сертификат беріп, оларды археологтардың қатарына қосыпты. Аталған құжаттың көмегімен балалар ТМД елдерінде өтетін кез келген археологиялық курстарға қатысып, білімдерін шыңдай алады. Мектепішілік музейде ботайлық жәдігерлерден бөлек, Ұлы Отан соғысы кезінде қолданылған заттар да орналастырылған.

Борис Галецкий, №1 Чкалов орта мектебінің директоры, Тайынша ауданы:

Өткенді білмей болашақты болжау қиын. Осыған орай біз биыл мектебімізде тарихтың бірнеше кезеңін қамтитын музей аштық. Мұнда біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырларда өмір сүрген ботайлықтардың заттары, Ұлы Отан соғысында қолданылған қару-жарақтар мен ауылымыздың өткенінен сыр шертетін дүниелер орналастырылған.

Мектеп директоры Борис Галецкий шағын музейді арнайы кабинеттің ішінде емес, дәл мектептің кіреберісіндегі бұрышқа қойғызыпты. Айтуынша бұл – оқушылардың және кіріп-шыққан меймандар мен ата-аналардың назарын аудартады. Сондай-ақ, жастардың тарихпен жақынырақ танысуына септігін тигізеді.

Бердимурат Баймухан